Шілденің 24-і СҚО-ға «Саламатты Қазақстан» пойызы келеді
Шілденің 24-і күні «Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық пойызы облысқа келеді.
«Саламатты Қазақстан» пойызы шілденің 24-і мен 31-і күндері аралығында облыстың бірнеше елді мекенінде аялдап, ауыл тұрғындары денсаулықтарын білікті дәрігерлерге қаратқызуға мүмкіндік алмақ.
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы – елімізде сәтті жүзеге асып келе жатқан әлеуметтік жоба екенін еске салған жөн. Білікті мамандардан құралған дәрігерлер бригадасы оның ішінде терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика маманы, жалпы практика дәрігері, рентгенолог, кардиолог, стоматолог, офтальмолог, отоларинголог, онколог-маммолог, гинеколог пен урологтар денсаулығына шағымданған тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді. Пойыз заманауи диагностикалық құралдармен, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Бүгінгі таңда медициналық пойыздың тұрғындарды қабылдау кестесін де жариялады. Осылайша, облыстағы алғашқы күнде дәрігерлер Ақсуат стансасында аялдайды. Кейін Қайранкөл бекетінде азаматтарды қабылдамақ.
Пойыздың жұмыс істеу кестесі:
🔹Ақсуат стансасы: 24 шілде
🔹Қайранкөл стансасы: 24 шілде
🔹Пресногорьковское стансасы: 25 шілде
🔹Тайынша стансасы: 28 шілде
🔹Чкалово стансасы: 29 шілде
🔹Дауыт стансасы: 29 шілде
🔹Қызыл ту стансасы: 30 шілде
Медициналық пойыз дәрігерлері өңір тұрғындарын таңғы сағат 09.00-ден кешкі 18:00-ге дейін МӘМС аясында ақысыз негізде қабылдайды.
– Дәрігердің қабылдауына баратын тұрғындар міндетті түрде өзінің және баласының (баласын қаратса) жеке басын куәландыратын құжаттарын ала баруы керек. Медициналық құжаттары болса, қосымша ала баруы керек, — делінген таратылған ақпаратта.