Есіл ауданының өнерпаздары «Үздік ауылдық мәдениет мекемесі» байқауының жеңімпазы атанды
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында «Әнім де сен, жырым да сен – QYZYLJAR» гала-концерті өтті. Шарада үздік ауылдық мәдениет мекемесі анықталып, «Газель» маркілі көлігі сыйға берілді.
Гала-концертке облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Өңір басшысы ауылды жерде мәдениет саласының орны жайлы тіл қатып, жеңіске жеткен ұжымдарды құттықтады.
– Ауыл мәдениеті – ұлттық құндылықтарымыздың өзегі. Жерлестеріміздің рухын асқақтату үшін мәдениетіміздің өркендеп, дамуы маңызды рөл атқарады. Сондықтан руханиятқа көбірек көңіл бөлуіміз керек, – деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.
Шарада «Үздік ауылдық мәдениет мекемесі – 2024» облыстық байқаудың жеңімпаздары анықталды. «Шығармашылық ізденіс» аталымында Шал ақын ауданы үздік атанса, Біржан сал атындағы арнайы жүлдені Жамбыл ауданы қанжығасына байлады.
«Үздік ауылдық мәдениет мекемесі – 2024» байқауының жеңімпазы Есіл ауданының Мәдениет үйінің ұжымы атанды. Оларға «Газель NEXT» автомобилінің кілті табысталды. 2-ші орын Мамлют пен Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарға бұйырса, үшінші орынға тайыншалықтар лайық деп танылды.