СКУ колледжі жабыла ма?
Петропавлдағы тарихы ширек ғасырға жуықтаған колледж жабылуы мүмкін. Жақында бұл жаңалықты орта арнаулы кәсіби білім беретін орданың басшылығы студенттердің ата-аналарына хабарлады.
Білім беру ордасы Солтүстік Қазақстан университетінің колледжі аталғанымен бұл ошақтың Петропавлдағы жалғыз жоғары оқу орнына еш қатысы жоқ. Жеке меншік иелігіндегі колледж ширек ғасыр ішінде мыңдаған білікті кадрды даярлап үлгерді. Бүгіндері оқу нысанында 6 мамандық бойынша студенттер оқиды.
– Жақында ата-аналар чатында кураторымыз колледжді жабу туралы шешім қабылдағаны туралы ақпаратты жіберді. Біз абдырап қалдық. Менің балам екі жыл колледжде оқып жүр. Келер жылы диплом алуға ниетті еді. Енді ұлымды қайда жіберемін. Білім қуып уақытын жоғалтты ғой, — дейді колледж студентінің ата-анасы Юлия Симбаева.
Колледж басшылығы оның жабылуын ақшаның жетіспеушілігімен түсіндіруде.
– Колледжде коммерциялық топтар өте аз. Мұғалімдерге еңбекақы төлеуге қаражат жетпей жатыр. Әкімдіктен бөлінетін қаржы аздық етеді, — дейді СҚУ колледжі директорының м.а. Болат Байкенов.
Десе де білім басқармасының ақпаратынша, жылда орта арнаулы білім ошағына жүздеген млн. қаржы бөлінеді. Мемлекеттік тапсырыс аясында биыл оқу ошағына 283 млн. теңге берілді.
– Студенттердің ай сайынғы төлейтін оқуының ақшасы 30 мың теңгені құрайды. Мемлекеттік тапсырыстың есебінен оқушылардың 80 пайызы мамандық алып жатыр. Ақша жеткілікті секілді. Бұған дейін білім сапасын қамтамасыз ету департаментіне де, білім басқармасына да ешқандай өтініш хат түспеді. Бүгін колледж басшылығымен кездесіп, келіссөздер жүргіздік. Оларға түскен тапсырысты орындау маңызды. Ақша бөлінді. Студенттер оқуларын жоспар бойынша аяқтауы шарт, — дейді СҚО білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова.