СҚО полициясы тұрғындарды заңсыз сақталған атыс қаруын тапсыруға шақырады
Жыл басынан бері облыста тіркелмеген атыс қаруын қолданумен бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Алайда полицейлер қандай да бір себептермен тіркелмеген қаруы бар азаматтарға оны өз еркімен жақын маңдағы полиция бөлімшесіне тапсыруға кеңес береді.
Сақшылардың көздегені — отбасы мүшелерінің, әсіресе кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының қызметтік және азаматтық қару айналымын бақылау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Құрман Мусиннің айтуынша, жыл басынан облыс аумағында заңсыз айналымнан тіркелмеген 60-тан астам қару тәркіленген. Барлық факті бойынша процестік шешімдер қабылданды. Тіркелмеген қаруды заңсыз сақтаған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.