СҚО-да суретшілердің халықаралық симпозиумы өтіп жатыр
Петропавлға әлемнің түкпір-түкпірінен қылқалам шеберлері жиналуда. Өзбекстан, Қырғызстаннан бастап Канада, Франция мен Германия елдерінің белді суретшілері солтүстіктің сұлу табиғатын қағаз бетіне түсіретін болады. Себебі өңірде суретшілердің халықаралық симпозиумы өтуде.
«Ботай – Ұлы дала мәдениеті» II Халықаралық симпозиумы 1-ші қыркүйекке дейін жалғасады. Яғни қылқалам шеберлері әйгілі Ботай қонысына барып, ондағы қазба жұмыстары жүргізілген жерлерді бейнелейді. Тарихи орынның сырына қанық болады.
«Бұл суретшілер солтүстік өңірге алғаш рет келіп тұр. Қазақтың біртуар тұлғалары Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің туған жерлеріне аяқ басты. Сонымен қатар, алғаш рет жылқыны қолға үйреткен тарихи жер өз әсерін қалдырады деп ойлаймын. Қазақстан – киелі өлке. Халқымыз қуаныш танытып, қонақжайлылықпен күтіп алып жатыр» — дейді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Болат Әсербеков.
Талантты жандардың өңіріміздегі сапарының әр күні белгіленіп қойылды. Жоспарда Имантау-Шалқар курорттық аймағы, «Аққайың» сауықтыру лагері мен қаланың көрікті жерлері бар.