Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан
Источник погодных данных: Ауа райы

Законопослушный гражданин

Ақпарат агенттігі

Әйелдер футболына қолдау жоқ – футболдан жаттықтырушы Мәдина Алпысова

Футболдан жаттықтырушы әйелдер елімізде санаулы болса, соның бірі – солтүстікқазақстандық Мәдина Алпысова. 32 жастағы келіншек өмірінің 23 жылын спорттың осы түріне арнаса, он жылдан бері жасөспірімдерді жаттықтырып жүр, деп хабарлайды тілшіміз  ҚазАқпарат  сайтына сілтеме жасап.

— Мәдина Русланқызы, футбол ойнауды қайдан үйрендіңіз? Спорттың бұл түрін таңдауға не себеп болды?

— Бірінші сыныпта оқып жүргенде ата-анам қоян-қолтық ұрысқа берді. Бірде мектепішілік турнир өтіп, мен оған қатысқан жалғыз қыз болдым. Ұйымдастырушылар грамота және тәтті сыйлық берді. Мені сол күні сабақтан соң алып кетуге атам келді. Оған сыйлығым мен алғыс хатымды көрсетіп, мақтанып жатсам, атам: «Тізеңді бүйтіп жаралағанша одан да футболға баруың керек еді», — деді.

Уақыт өте келе атам қайтыс болды. Мен күзгі каникулға туған ауылыма келдім. Бірде қарасам, ауылдағы құрбыларым қолдарына доп, спорт аяқ киімін алған, кетіп барады. Футбол ойнауға бара жатыр екен. Мен үйдегілерден сұранып, оларға ілесіп кете бардым. Аулада балалармен ойнайтынмын, доп тебу білем, ендеше футбол да ойнай аламын дегенмін ғой. Осылайша Шағалалы орта мектебінде алғаш рет футбол үйірмесіне қатыстым. Алғашқы жаттықтырушым – Серік Мұхаметжанов менің бойымда осы спорт түріне қызығушылықты байқап, бар білгенін үйретті, тәрбиеледі.

— Жеке жетістіктеріңіз жайында айтып беріңізші

Футболдан Қазақстан чемпионы болдым. Республикалық көптеген жарыстардың жеңімпазымын. Халықаралық сайыстарға қатыстым. Кәсіби клубта ойнауыма ата-анам қарсы болды, олар мені кішкентайсың деп алысқа жібергілері келмеді. Қазақстан құрамасына шақырту алдым. Ұлттық құрамада ойнауға жаттықтырушымыз бармағаннан кейін біз команда болып бас тарттық.

— Әйелдер мен ерлер футболының айырмашылығы бар ма?

— Әйелдер мен ерлер футболында әрине үлкен айырмашылық бар. Ол ең алдымен эмоция. Әйелдер эмоцияға беріліп ойнаймыз, психологиялық та айырмашылық бар, кей жағдайларды ер адамдар байсалды қабылдайды. Қыздар командасына барынша адал болып келеді, басқа командаға ауысу, басқа жаттықтырушымен жаттығу оларға қиын.

Ойында да айырмашылық бар. Егер жақсы ұжым болса, онда командалық әдемі ойынды көруге болады, ешкім, жігіттер сияқты эгоизм танытпайды.

— СҚО-да қыздардың футбол командалары бар ма? Өңірде спорттың бұл түрі қаншалықты дамыған?

— Өкінішке орай, біздің өңірде спорттың бұл түрі мүлде дамымаған. Футбол орталығында жаттығатын санаулы қыз ғана бар. Бұл өте аз. Мектептерде кәсіби жаттықтырушылар жоқ. Жарыстар өткенде аудандар ойнағысы келген қыздардан команда жасақтап, түк дайындықсыз әкеледі. Олар қарапайым ережелерді білмейді. Ал бұл қауіпті, ойыншылар жарақат алуы мүмкін. Әрі дайындығы нашар командамен футбол ойнау өте ауыр.

Қыздар футболын дамыту үшін жүйе, тұжырымдама керек. Ер балалармен жеңіл, ойнайтын жасөспірімдерді ауладан табуға болады, ал қыздарды арнайы шақыру қажет, қызықтырып, ынталандыру керек.

Яғни өңірде әйелдер футболының кенже қалуының негізгі себебі – кәсіби жаттықтырушылардың жоқтығы. Бапкер ер адамдардың ішінде қыздардың командасымен жұмыс істеуге ниет білдіретіндері некен-саяқ. Өйткені олар қыздардың психологиясы мүлдем басқа екенін түсінеді.

Ал Қазақстанда әйелдер футболы, менің ойымша, дамып келеді. Бұрыннан ойнап жүрген «Биік-Қазығұрт», «Оқжетпес» және қарағандылық командалар бар. Ал аймақтарда белгілі бір жасқа дейін жасөспірімдердің командалары болғанымен, кәсіби ойнайтын ұжымдар жоқ.

— Неге мансабыңызды кәсіби ойыншы ретінде жалғастырмадыңыз?

— Кәсіби ойыншы ретінде ойнамауымның себебі – сол кезде облыста команда болмады. Ал басқа өңірдің командасына барып қосылғам келмеді, өйткені сол кезде мен сырттай жоғары оқу орнында оқып, жаттықтырушы болып еңбек еттім. Облыстық спартакиадаларда Аққайың ауданы командасында ойнадым, кейін Қызылжар ауданының командасына ауыстым. Қазір де шағын футбол ойнаймын. Менде жаттығып жүрген қыздармен әуесқой қыздар командасын құрдық. Ал үлкен футбол командасын жасақтауға мүмкіндік жоқ, бізде тіпті жаттығатын жер де қарастырылмаған.

— Сіз қазір балаларды жаттықтырып жүрсіз, бұған ата-аналардың көзқарасы қандай, Сізді футбол жаттықтырушысы ретінде қалай қабылдады?

— Тәрбиеленушілерімнің ата-аналарымен түсініспеушіліктер болып тұрады. Мәселен бірінің әкесі бұрын футбол ойнаған, ол өзін маған қарағанда тәжірибелімін, кәсіпқоймын деп ойлады. Кей отбасында ата-ана қамқорлығы шектен шығуы мүмкін. Мұндай тәрбие алған балалар болған жайтты басқаша қабылдайды. Үйде өздерін «патша» сезінетін олар жаттығу барысында да ойларына келгенін істемек болады. Мұның бәрі уақыт еншісінде. Сондықтан айтарлықтай қиындық жоқ, тіл табысып, ата-аналармен түсіндіру жұмысын жүргізген жөн. Ең бастысы балалардың спортпен айналысуға деген қызығушылығын жойып алмау. Егер ата-ана мен жаттықтырушының арасында қарым-қатынас болса, бар мәселе шешіледі.

Кей баланың әке-шешесі мүлдем байланысқа шықпайды, ең басты қиындық осы. Өйткені әр бала ата-ана тарапынан қолдау көргісі келеді, жеңістерімен бөліскенді қалайды.

— Футбол – ерлердің ойыны, қызығушылығы деген стереотип қалыптасқан. Футболдан әйел жаттықтырушылар облыста көп пе?

— Әйелдер арасында футболдан жаттықтырушылар саусақпен санарлық. Біздің СҚО-да да біз үш-төртеу ғанамыз. Ал таныстарым менің футболдан жаттықтырушы екенімді білгенде таңданыстарын жасыра алмайды. Бізде жұрт жаттықтырушы ретінде ер адамдарды қабылдап үйреніп қалған. Мен жас көрінемін, кейде тәрбиеленушілеріммен бірге алаңда доп ойнап жүргенде басқалар мені оқушылардың бірі екен деп қалады.

Ал әріптестеріме келер болсам, олардың көпшілігі басында жете бағаламады. «Қыз болып футболдан жаттықтырасың ба, сен не білесің»-ге келтірді. Жұмысымның нәтижесі бар, командаларым бірқатар жетістікке жетіп жатыр. Қазір енді кейде әріптестерім менен ақыл-кеңес сұрап жатады.

Бірде ер балалармен жарысқа келдік. Қарсылас команда менің тәрбиеленушілерімді сендердің жаттықтырушыларың қыз, сендер қыздар сияқты ойнайтын шығарсыңдар деп келемеждей бастады. Біздің команда сол жолы жеңіске жетті.

Ал футбол – әйелдердің ойыны емес деген дұрыс емес. Әйелдердің ұнаған спорт түрімен айналысуға қақы бар. Қазір әйелдерді кикбоксте де, ауыр атлетикада да көреміз.

 

— Баланы неге футбол ойнауға берген жөн?

— Футболдың берері көп, қозғалыс үйлесімділігі, икемділік, шапшаңдық, төзімділік дамиды. Ұжымда жұмыс істеп, басқалармен араласады, тәртіпке үйренеді, шыдамдылыққа баулимыз. Денсаулықты да жақсартуға болады, мәселен табан, тізе буыны ауруы болса, бұл мәселе уақыт өте келе шешіледі. Арқа ауруы, сколиозды кетіруге болады. Гипербелсенділік, тілдің кеш шығуы, сөздерді дұрыс айта алмау сияқты мәселелер де футболмен жаттығуды бастағаннан кейін жойылып жатады.

Ал баланы футболға қай уақытта беру қажеттігіне тоқталсақ, кейбірі төрт жасында да қызығушылық танытып жатады. Енді бірі тек 12 жасында ғана спортпен айналысуға дайын болуы мүмкін. Жалпы біз балаларды 6-7 жасынан бастап қабылдаймыз.

— Футболист қыздардың спорттық мансабы неше жасында аяқталады, оған не себеп?

— Әдетте футболист қыздар спорттан 18 жасында кетеді. Өйткені оларға әрі қарай жаттығуға мүмкіндік жоқ. Көбіне бұл оқу орнының басқа қалада болуына байланысты. Кейбір жоғары оқу орындарында тіпті секциялар да жоқ. Салдарынан спортшыларды, соның ішінде чемпиондарды да жоғалтып жатырмыз. Бұл барлық спорт түрлеріне қатысты. Кейбірі тұрмыс құрып, жұбайларынан қолдау көрмегендіктен тастайды.

Ал жарақат – футболдан кетуге себеп емес. Менің тәрбиеленушілерімнің арасында жарақаттанса да, қатты ауырса да тастамай, қайта жаттығудан қалмай денсаулықтарын түзегендері бар. Жарақаттары тым ауыр болған жағдайда да, аяққа тұрғаннан кейін футболдан кетпей, жаттықтырушы болатындары бар.

Қазір мен кәсіби футболмен айналыса алмаймын, ол, біріншіден жасыма байланысты. Қыздар арасында жасым отыздан асты, енді ойнай алмаймын деген пікір бар. Әрі бізде Қазақстанда 30 жастан асқандардың командалары жоқ. Оларға еш жағдай жасалмаған.

— Бұл мәселені шешуге болатын шығар?

— Әрине, қолдау болса. Ең алдымен өңірде қыздардың футбол командаларының әуесқой лигасы болса деген тілек бар. Оны құрамын ба деген талпыныстарым болды, футбол федерациясының басшылығымен сөйлестім, уәде берді. Командалар бар, бірақ мәселе шешілер емес. Ер адамдардың арасында түрлі лигалар өтіп тұрады, жарыстар, турнирлер болады. Қазір тек 18-23 жастағылар арасында ғана өтетін жалғыз «Жастар» спартакиадасы бар.

Өңірлерде әйелдер футболы дамыса екен, оның болашағы бар, әйелдердің де бұл ойынды ойнай алатына көзқарас өзгерсе деймін.

— Рахмет!

 

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *