Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан
Источник погодных данных: Ауа райы

Законопослушный гражданин

Ақпарат агенттігі

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен ҚР денсаулық сақтау министрінің орынбасары келді

Облысқа жұмыс сапарымен денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник келді.  Іс-сапардың мақсаты – медицина саласында енгізіліп жатқан жаңашылдықтардан хабардар етіп, жергілікті жерлердегі мәселеге қанығу, деп хабарлайды тілшіміз.

 Алдымен вице-министр Вячеслав Дудник облыстық көпбейінді ауруханаға барды. Биыл емдеу мекемесіне жаңадан 20 маман жұмысқа орналасқан.

«Жас мамандарға қолдау көрсетеміз. Мамандығына қарай 1,5-3 млн теңге көтермеақы беріледі. Мәселен,  былтыр гинекологқа облыстық бюджеттен бөлек өз қаражатымыздан 1,5 млн. теңге бердік. Анестезиолог 3 млн. теңге алды. Нәтижесінде былтыр 40,5 млн теңгені осы мақсатқа жұмсадық. Дәрігерлер үйінен баспанамен қамтуға тырысамыз, бірақ бәріне бірдей жетпейді. Сол себепті ай сайын қосымша 50 мың теңге төлейміз», –дейді көпбейінді облыстық аурухананың бас директоры Сәкен Әмрин.

Қазіргі уақытта мұнда дәрігердің орташа еңбекақысы 868 мың теңге, медбикелер 374 мың теңге алады. Жыл сайын медициналық мекемеге қажетті қондырғылар да алынып жатыр. Республикалық бюджеттен осы мақсатқа — 1,1 миллиард теңге, ал облыстық қазынадан шамамен 300-400 миллион теңге бөлінеді екен.

Вячеслав Дудник облыстық перинаталдық орталықта да болды. 147 орынға арналған емдеу мекемесі жылына 5 мыңға жуық әйелді босандырады. Министрдің орынбасары солтүстікқазақстандық дәрігерлердің еңбегін жоғары бағалады. Іс-сапар барысында журналистерге арнап брифинг те өткізді.

«Денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі бағыт – алғашқы медициналық-санитариялық көмек.  Бұл – халыққа қажет барлық медициналық көмекті үйлестіруге арналған қызмет.  Халықтың сұрауы бойынша амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидалары бекітілді. Енді жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсетіледі»,– дейді Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник.

Ауылдың денсаулық сақтау саласы да ұмыт қалған жоқ.  Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің жаңа мемлекеттік нормативі бекітілді. Енді халық саны 50 адамға дейінгі елді мекендерде үйде көмек көрсететін медициналық қызметкер болады.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында медициналық мекеме – дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункт салынып, пайдалануға берілмек. Өңірлердің әкімдіктерімен бірге алғашқы медициналық-санитариялық көмектің 655 нысанын салу жоспарланған.

«Қазіргі уақытта республикадағы ауылдарда 5 мың 397 медициналық ұйым, оның ішінде 2895 – медициналық пункт, 790 – фельдшерлік пункт, 1282 – амбулатория, 227 – емхана, 203 – аурухана жұмыс істейді. Солтүстік Қазақстан облысының ауылдық жерлерінде 46 медициналық мекеме – дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункт екі жылда салынып, пайдалануға берілмек», – деді Вячеслав Дудник.

Тағы бір маңызды бағыттардың бірі – ана мен баланы қорғау болып қала бермек.  2021 жылдан бастап елімізде «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылды. Осы бағдарлама аясында былтыр өңірге 190 квота бөлініп, 46 әйел жүкті болды.

Министрдің орынбасары Вячеслав Дудниктің айтуынша, бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесінде 78 мың дәрігер жұмыс істейді, оның ішінде біздің өңірде 1 мың 700 дәрігер және 5 мыңнан астам орта медицина қызметкері бар.

«Кадр жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін биыл республикалық бюджет есебінен 6 мыңға жуық білім беру гранты бөлінді, оның 2,7 мыңы бакалавриат және интернатура, 2,5 мыңы резидентура, 325-і – магистратура, 160-ы – докторантура. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы үшін 92 маман білім алып жатыр. Биыл өңірдің қажеттілігіне сәйкес 23 түлек жіберілді, оның 3 – і ауылдық жерлерге кетті. Осы жылы сертификаттау курстары арқылы аясы тар мамандарды даярлау үшін жаңа білім беру бағдарламалары енгізілді», – дейді министрдің орынбасары. 

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 2020 жылдан бастап 2023 жылға дейін дәрігерлердің жалақысы жыл сайын – 30 пайызға, орта медициналық персоналдың жалақысы – 20 пайызға көбейді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілген сәттен бастап медициналық көмекті қаржыландыру көлемі 2,5 есе өсті, нәтижесінде бір тұрғынның денсаулығына арналған шығыс 2 есе артып отыр.

Профилактикалық тексерулерді, медициналық консультациялық-диагностикалық қызметтерді және оңалтуды қаржыландыру көлемі 1,5 есе, стационарлық көмек –  1,2 есе, жоғары технологиялық медициналық көмек –  2,2 есе ұлғайтылды.

Сонымен қатар осы жылы онкология, босандыру және жедел жәрдем тарифтері қайта қаралды.  Биыл 1 мамырдан бастап жұмыс істеу үшін ел аумағына уақытша келетін шетелдіктер үшін медициналық сақтандыру енгізілді.

Алдағы уақытта да Президенттің тапсырмаларын орындау және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру жөнінде жан-жақты шаралар қабылданбақ.

 

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *