СҚО-да «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы 170-тен астам сәби дүниеге келді
Солтүстік Қазақстан облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы 170-тен астам сәби дүниеге келді, деп хабарлайды тілшіміз.
2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен республикамызда «Аңсаған сәби» бағдарламасы қабылданды. Үш жылдың ішінде елімізде 10 мыңнан аса бала дүниеге келді. Игілігі мол жоба әлі де жалғасын табады.
«Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет»,- деген болатын ел Президенті.
«Аңсаған сәби» жобасының арқасында еліміздің мыңдаған шаңырағында нәрестенің үні естілді. Медициналық мекемелердің есігін жылдап жағалаған ата-аналардың жүзіне күлкі үйірілді. Тек бір ғана Солтүстік Қазақстан облысында 170-тен астам перзент дүниеге келіпті.
«2021-ші жылы 217 квота берілді. 103 бала туылды. Оның 16-сы – егіздер. 2022-ші жылы 68 бала туылды. 8 егіз бар. Ал 2023-ші жылға 190 квота бқлінді. Барлығы қамтылды.Қазір 51 жүкті әйел есепте тұр», — деді СҚО перинаталдық орталығы құрсақтағы ұрықты қорғау орталығының меңгерушісі Гүлзира Қоштаева.
Анаға да, балаға да орталықтың білікті мамандары қызмет көрсетуге әзір. Айта кету керек, биыл перинаталдық орталықта кадр тапшылығы мәселесі толығымен шешіліпті.
«Биыл қатарымыз 5 білікті маманмен толықты. 2 акушер-гинеколог, 2 анестезиолог-реаниматолог және 1 неонатолог. Жас дәрігерлер өздерін жақсы қырынан көрсетті. Алған білімдері, жинаған тәжірибелері бірден байқалды. Оларды қорықпай кезекшілікке қоя аламыз», — дейді СҚО перинаталдық орталығы неонатология блогының меңгерушісі Наталья Салохина.
Жаңа келген білікті мамандардың бірі – Нұрлыайна Тілеуқұл. Акушер-гинеколог – Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі. Өзі – Петропавлдың тумасы. 10 жылдық оқуын аяқтап, қолына диплом алған ол туған жерге оралуды шешіпті. Қазір күніне орта есеппен 4-5 баланың өмірге келуіне септеседі.
«Осы жерде жұмыс істеп жатқаныма екі айдан енді асты. Ұжымға тез үйреніп, бейімделіп кеттім. Білмегенімді әріптестерімнен сұрап отырамын», — дейді СҚО перинаталдық орталығының акушер-гинекологы Нұрлыайна Тілеуқұл.
«Аңсаған сәби» бағдарламасына қатысушалырды алдымен продуктолог дәрігер қабылайды. Алайда, алдымен жергілікті акушер-гинекологқа жүгіну керек.
«Жергілікті емханалардан жолдама бойынша келеді. Яғни, акушер-гинеколог мәселені анықтап, бізге жібереді. Репродуктолог қабылдайды. Тексерулерге жібереді. Сол бойынша бізге қайта келеді», — дейді СҚО перинаталдық орталығы құрсақтағы ұрықты қорғау орталығының меңгерушісі Гүлзира Қоштаева .
Тек соыдан кейін репродуктолог дәрігер экстракорпоральды ұрықтандыру жасалатын орталыққа жібереді. Елімізде бүгінгі күні мұндай 27 орталық бар. Өкінішке қарай, Петропавлда жоқ.
Биыл өңірімізде 4400-ден астам бала өмір есегін ашыпты. Ұл-қыздардың 80 пайызы облыс орталығындағы перзентханада дүниеге келген.
Жалпы елімізде нәресте сүйе алмай жүрген ата-аналар саны көбейіп келеді. Елдегі әр алтыншы отбасында осы мәселе бар. Оған экологияның нашарлауы, жастардың денсаулығының әлсіздігі себеп болып отыр. Аталған проблеманы шешу үшін «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылған еді. Жоба 2030 жылға дейін жалғасады.
Ал «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында үш жылда Қазақстанда 20 мыңнан астам экстракорпоральды ұрықтандыру жасалған. Оның ішінде 8 мыңнан аса әйел жүктілікпен есепке алынса, 6 мыңға жуық бала дүниеге келген екен.