Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан
Источник погодных данных: Ауа райы

Законопослушный гражданин

Ақпарат агенттігі

Ұстаздық еткен жалықпас…

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп данышпан Абай атамыз айтқандай, шәкірт жүрегіне нұр құйған жандардың орны қашан да бөлек қой. Саналы ғұмырын өнерге, шәкірт тәрбиелеу ісіне арнаған жандардың бірі – Петропавл қаласында орналасқан Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі- музыкалық-эстетикалық бағыттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-кешенінің директоры Роза Кәшенова. Ерекше дауысқа ие нәзік жан жүздеген жас таланттардың өнер айдынынан өз орындарын табуына жол сілтеді.

Облыс орталығында дүниеге кел­ген Роза Әбутәліпқызы кішкентайы­нан әнші болуды армандағанын айтады. 

«Екінші сыныпта оқып жүргенімде музыка мек­тебінің мұғаліміне оқуға қабылдауын өтіндім. Бақытыма орай Любовь Александрова деген жақсы ұстаз мені директорға апарып, талабымды байқап көрді», – дейді Раз Кәшенова балдәурен шағын еске алып.

Роза Кәшенова 1976 жылы №41 орта мектепті бітірген соң Петропавл музыка училищесіне оқуға түседі. Білім ордасында оқи жүріп, көркем­өнерпаздар қойылымдарына қаты­сып, хорда солист болған. Жас та­лапкер өнер адамына сапалы білім алудың қажеттігін ерте сезеді. Содан арманның ақ кемесіне отырып Алма­тыға аттаныпты. Ондағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консервато­рияның вокал-хор факультетіне құ­жат­тарын тапсырған. Екінің бірі қабылдана бермейтін оқу ошағының қабырғасында жүріп түрлі деңгейдегі концерттердің, фес­тивальдердің белортасынан табы­ла­ды.

«Бұрынғы Кеңес Одағының бү­кіл аумағында және Қазақстанның түкпір-түкпірінде ұйымдастырылған мәдени шара­лар­дан қалмауға ты­рысатынмын. Қа­зақтың ардақты ком­позиторы Мұқан Төлебаевтың 70 жыл­дығына арнал­ған мәдени шара көңілімнің түкпі­рін­де сақтаулы. Ре­сейде, Балтық жаға­лауында, Украи­нада өткен “Қазақ­станның жоғары өнері” фестиваліне қатысқанымды өмірімнің ең жарқын сәттері ретінде еске аламын», – дейді ол.

Роза Әбутәліпқызы 1987 жылы консерваторияны бітіріп, «концерттік әнші, мұғалім» біліктілігін алып шы­ғады. Сол жылы Алматы қаласын­дағы Мемлекеттік қыздар педаго­гикалық институтына оқытушы бо­лып жұмысқа орналасқан. Оңтүстік астанамызда білім мен тәрбие жи­наған ол арада бірнеше жыл өткен соң туған жерге оралу туралы шешім қабылдапты. 1995 жылдан бастап Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қа­зақстан университетінде оқытушы, аға оқытушы, музыкалық пәндер ка­федрасының меңгерушісі, доцент қызметтерін атқарған. 2005 жылы бүгінде өзі тізгінін ұстап отырған бі­лім ошағының директоры болып тағайындалады.

Қазығы 1957 жылы қаланған білім ордасы шәкірттерді «Хор ди­рижерлігі», «Музыка теориясы», «Хо­ре­ография», «Фортепиано», «Ішекті аспаптар», «Актерлік шеберлік», «Қа­зақ халық аспаптары», «Кескіндеме», «Эстрадалық музыка өнері» сынды мамандықтарға баулып, өнерпаз­дардың бірнеше буынын тәрбиеледі. Кейіпкеріміз білім ордасының алыс-жақындағы өнер ұйымдарымен бай­ла­нысын нығайтып, талантты жан­дар­дың халықаралық, республи­ка­лық деңгейлерде ұйымдастырыла­тын байқауларға қатысу белсен­ді­лігін үнемі назарында ұстаған. Кол­ледж студенттері осы уақытқа дейін Ресейде, Болгарияда, Италияда, Түркияда және Кипрде өткен ха­лықаралық олимпиадаларда сәтті өнер көрсетті.

«2007 жылы «Музыкалық-эсте­тикалық бейіндегі студенттердің шы­ғармашылық белсенділігін қалып­тастыру» тақырыбында диссертация қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты атағын алдым. «Музы­ка­лық-эстетикалық бейіндегі колледж студенттерінің кәсіби-шығармашылық қызметін қалыптастыру», «Кол­ледж студенттерінің кәсіби-шығарма­шылық қызметі», «Солтүстік Қа­зақ­станның қазақ халық әндері», «Қазақ­станның рухани мәдениеті – әлемдік өркениет мұрасы» тақырыбындағы мақалаларымды әріптестерім өзде­рінің жұмысында пайдаланып жүр», – дейді колледж директоры.

Қазақ, орыс және ағылшын тілде­рін еркін меңгерген, журналисти­ка­ны хоббиіне айналдырған, поэ­зия оқуға, эссе жазуға жаны құштар Роза Әбутәліпқызы 2010 жылдан бастап Ан­глиядағы Еуропалық рек­торлар клубы­ның, «Юниор Камер» халық­ара­­­лық қайырымдылық компа­ния­сы­ның мү­шесі. Кейіпкеріміздің ай­туын­ша, Қа­зақстанның болашағын тек өр­ке­ниетке ұмтылған жандар, қуат­­ты эко­­номика, тұрақтылық, бей­бітшілік жа­сайды. Мұның барлығы ұлттық сана, ерекше болмыс, қайсар рухтан тұра­тынын ескерсек, үшеуі де мәде­ниет саласымен тығыз байла­ныста екенін жадымыздан шығарма­уымыз ке­рек. Роза Кәшенованың ұзақ жыл­ғы еңбегі бағаланбай қал­ған жоқ. Ол 2001 жылы «Қазақстан Рес­публика­сы­ның тәуелсіздігіне 10 жыл» медалі­мен, облыс әкімінің Құр­мет грамота­ла­ры­мен, Қазақстан Рес­публикасы­ның Білім беру ісінің құр­метті қызмет­кері атағымен, “Мәде­ниет қайрат­ке­рі” құрмет белгісімен, «Ы.Алтынса­рин» төсбелгісімен мара­патталған.

 «Еліміздің кез келген азаматы мемлекеттің өркендеуі жолында еш­кімнен ештеңе күтпей шынайы, адал болмысымен қызмет етсе, біз үшбақ­қа шығамыз. Менің өмірлік ұстаны­мым – осы. Адамды атаққа деген ұм­тылыс емес, білім өсіреді. Көптеген шет мемлекеттерде болдым. Өр­ке­ниетті елдерде қарапайым еден жуу­шыдан министр деңгейіне көтерілген жандардың барлығы дерлік «алды­мен халық үшін» деген қағиданы не­гізге алады. Қазақ жастарының бо­йында да осы осындай көркем қа­сиет берік орнықса деймін», – дейді Роза Кәшенова.

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *