Петропавлда 600 отбасы баспаналы болды
Петропавлда әлеуметтік жағынан осал топтағы 600 отбасы баспаналы болды. Олар үшін арнайы 6 бірдей жалдамалы-коммуналдық үй салынды деп хабарлайды тілшіміз.
Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 7 миллиард теңгеге жуық қаржы бағытталған. Бұл үйлер жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы және толық емес отбасыларға берілді. Пәтер кілттерін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов табыстады. Баспаналы болғандардың бірі – Әйгерім Шұқанова. Ол пәтер кезегіне 13 жыл бұрын тұрған.
«Біз осы уақытқа дейін баспана жалдап тұрғанбыз. 15 жылдай уақыт пәтерден- пәтерге көшіп жүрдік. Өзім осын Петропавл қаласында оқыдым. Мағжан Жұмабаев атындағы колледжді тәмамдадым. Қазір жұмыс істеп жатырмын. Бүгін қуанышымда шек жоқ. Жалпы өзіміздің үйіміз болғаны жақсы ғой» — дейді Петропавл қаласының тұрғыны Әйгерім Шұқанова.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жаңа пәтерлердің иелеріне кілттерді салтанатты түрде табыс етіп, қоныс тоймен құттықтады. Өңір басшысы көпбалалы ана Гүлназ Кенжетаева мен Александра Иоржтың шаңырағында болды.
«Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Президент тұрғындарға баспана қол жетімді болуы керек деп атап өтті. Жалпы, жыл соңына дейін облыс орталығында 22 көпқабатты үй тапсырылып, 2 мыңнан аса отбасы жаңа қонысқа ие болады», — деді облыс әкімі.
Жыл соңына дейін Петропавлда 22 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл тағы да екі мың отбасы баспаналы болады деген сөз.
«Бұған дейін ата – енеммен бірге тұрдым. 6 баламыз бар. 4-5 жыл бұрын әкімдікке барып кезекке тұрғандық. Осынша тез уақытта баспаналы болымыз деп ойламадым. Қуаныштымыз», — дейді көпбалалы ана Гүлнәз Кенжетаева.