СҚО-да полиция жалпы құны 25 миллион теңге болатын акцизсіз темекі тәркіледі
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері құны 25 миллион теңгеге жуық болатын акцизсіз темекіні тәркіледі, деп хабарлайды тілшіміз.
10 күн бойы облыс аумағында қоғамдық орындарда адамдардың қауіпсіздігін нығайтуға, қылмыстың алдын алуға бағытталған ауқымды іс-шаралар кешені өткізілді. Қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу үшін полиция қызметтерінің өзара іс-қимылына баса назар аударылды.
Орталық көтерме сауда базарындағы бутиктердің бірінен тәртіп сақшылары заңсыз тауардың 34 560 қорабын тәркіледі. Алдын ала бағалау бойынша алынған қаражаттың жалпы құны 25 миллион теңгеге жуық.
Заңсыз тауар иесі, Петропавл қаласының 45 жастағы тұрғынына қатысты материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін экономикалық тергеу департаментіне берілді.