СҚО полицейлері ресейлік әріптестері іздестіріп жатқан екі қылмыскерді анықтады
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері Ресей Федерациясы Түмен облысындағы әріптестері іздестіріп жатқан екі қылмыскерді анықтады, деп хабарлайды тілшіміз.
Көршілес мемлекеттердің құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы қазіргі заманның өзекті мәселесі. Қылмыстың көптеген түрінің трансшекаралық сипатын ескере отырып, криминогендiк ахуал туралы ақпаратпен өзара жедел алмасудың, қылмыскерлердi iздестiру жөнiндегi жұмыстың маңызы зор.
Жыл бойына Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті криминалдық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері ресейлік әріптестерінің ақпараты бойынша Түмен облысының аумағында қылмыс жасап іздеуде жүрген екі қылмыскерді анықтады. Олардың бірі ұрлық жасағаны үшін күдікті болса, екіншісіне қатысты кісі өлтіремін деп қорқыту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзидидің айтуынша, солтүстікқазақстандық және түмендік полицейлердің өзара іс-қимылы іздеудегі қылмыскерлерді, ұрланған көліктерді, хабар-ошарсыз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмысты, сондай-ақ басқа да бірқатар принципті жұмыс желілерін қамтиды.