Еліміздің солтүстігінде 10 мыңнан астам шетелдік автокөлік заңдастырылды
Солтүстік Қазақстан облысында 10 мыңнан астам шетелдік автокөлік заңдастырылды. Бұл ретте полиия қызметкерлері рәсімдеу шараларының аяқталуына бір айдан аз уақыт қалғанын еске салады, деп хабарлайды тілшіміз.
Шетелдік тіркеудегі көліктерді заңдастыру туралы 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін берілген өтінімдер 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін ғана қаралады. Тәртіп сақшылары шектелген мерзімді еске отырып, автокөліктердің иелерін заңдастыруды аяқтауға және көлік құралдарын тіркеуге қоюға шақырады.
2023 жылғы 23 қаңтардан бастап бүгінгі күнге дейін облыс орталығындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына 15 мың 635 өтініш келіп түскен. Бүгінгі таңда 10 мың 582 бірлік көлік құралы тіркелген. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі шетелдік тіркеудегі көліктерді заңдастыру туралы өтінімдерді Үкімет Қаулысына сәйкес 23 қаңтардан бастап 30 маусым аралығында қабылдады. 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін еліміздің аумағына енгізілген автокөліктер заңдастыруға жатпайды.
«Қазір Солтүстік Қазақстан облысы аумағында шетелдік тіркеудегі 10 580 астам автокөлік заңдастырылды. Олардың ішінде 230 конструктор, 921 көлік құралы уақытша есепке алынды. Заңдастыруға қатысты барлық сұрақтар бойынша жедел желі телефондары бар. Яғни 32-00-22, 32-00-19 нөміріне хабарласуға болады», — деді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.