Өзбекстан азаматы Петропавлдағы дәмханалардың бірінде заңсыз еңбек еткен
Петропавлдағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінде Өзбекстан азаматы заңсыз еңбек етіп келген, деп хабарлайды тілшіміз.
5 желтоқсан күні солтүстікқазақстандық полицейлер әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, алкоголь өнімдері мен пиротехникалық бұйымдарды заңсыз өткізудің жолын кесу бойынша алдын алу іс-шарасын өткізіп, есепте тұрған тұлғаларды тексерді. Нәтижесінде учаскелік инспекторлар Островский көшесіндегі үйлердің бірінде құрамында алкоголь бар сұйықтықтың заңсыз сатылғанын анықтады.
«61 жастағы қала тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша (Кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарлама жіберусіз іс-әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыру) әкімшілік материал жиналды және 12,5 литр спирт алынды», – деді Петропавл қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.
Сондай-ақ Кошуков көшесіндегі қоғамдық тамақтану орындарының бірінде полиция қызметкерлері заңсыз жұмыс істеп келген Өзбекстан Республикасының азаматын анықтады. Құқық бұзушы әкімшілік жазаға тартылды.