Аққайың ауданы орталығында болған жарылыстан зардап шеккен азаматты жағдайы ауыр
Аққайың ауданы ортылығы Смирново ауылында болған жарылыстан зардап шеккен азаматтың жағдайы ауыр. Ол қазір реанимация бөлімінде жатыр, деп хабарлайды тілшіміз.
Өткен жұма, яғни желтоқсанның 8-і күні Смирново ауылында екі қабатты тұрғын үйде газ баллоны жарылды. Салдарынан 12 жастағы қыз қайтыс болып, 22 жастағы ер адам ауруханаға жеткізілген еді. Науқастың денесінің 60 %-ын күйік шалған. Дәрігерлер оның жағдайын аса ауыр екендігін айтады.
«Науқас қазір реанимация бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр. Күйік салдарынан ақуыз, су элетролит алмасуы бұзылған. Әлі қалпына келген жоқ. Толықтай жазылып кетуі үшін көп уақыт керек», – деді облыстық көпбейінді аурухана дәрігерлері.
Жарылыстан зардап шеккен өзге тұрғындарға да көмек көрсетіліп жатыр. Жалпы оқыс оқиға кезінде төрт пәтер зақымданған.
«Жарылыстан зардап шеккен барлық отбасыларға материалдық көмек көрсетіледі, бір жанұяға тұрғын үй ұсынылды. Қалғандары туған-туысқандарының үйін паналауда. Қаражат жинау жарияланды. Оқыс оқиғалардың алдын-алу және ескерту мақсатында қазіргі уақытта ТЖ қызметкерлері мен әкімдік мамандары газбен жылытылатын барлық үйлерге тексеріс жүргізіп жатыр», – деді Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елубаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.