Облыс орталығындағы жатақханалардың бірінде есірткі сатылған
Облыс орталығында орналасқан жатақханалардың бірінде 47 жастағы азамат синтетикалық есірткі сатып келген, деп хабарлайды тілшіміз.
Петропавлдағы жатақханалардың бірінде тұратын әйел өз бөлмесінде есірткі сатқан. Әрі ол сол жерде есірткі қабылдауға рұқсат берген.
47 жастағы келіншектің төртінші сыныпта оқитын қызы бар екендігі белгілі болды. Полицияға бұл жағдай туралы жатақхана тұрғындары хабарлапты.
«Тұратын жерін тінту кезінде «тұз» есірткі заты бар төрт түйіншек табылды. Қазіргі уақытта ұсталған әйел адам ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабының тәртібінде уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның іс-әрекеті ҚР қылмыстық кодексінің 297-бабы – есірткі заттарын өткізу бойынша сараланады», – деді қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің аға жедел уәкілі Қанат Фазылов.
Бүгінгі күні есірткі саудасымен айналысқан күдікті 10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жалпы өңірде өткен 11 айда есірткі өткізудің 104 фактісі тіркелді.