Петропавлда жаңа жылдық безендіруге бюджеттен қаржы бөлінбейді
Облыс орталығында жаңа жылдық безендіруге бюджеттен қаржы бөлінбейді, деп хабарлайды тілшіміз.
Бұл туралы қала әкімі Серік Мұхамедиев мәлімдеді. Ол қала бюджеті дотациялық екенін, сондықтан басты назарды әлеуметтік мәселелерге аудару керектігін баса айтты.
«Қаланы безендіру үшін жеке инвестицияларды тарту тәжірибесі бар. Биыл безендіру үшін жеті орын белгіленді. Негізгі шыршалар әдеттегідей облыс әкімдігіне қарама-қарсы және қалалық әкімдік маңындағы саябақта болады. Онда сырғанақтар мен мұз қалашықтары жабдықталады», — деді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев.
Сондай-ақ қала басшысы биыл Пестрое көлінің жағасындағы саябаққа ерекше көңіл бөлінетіндігін хабарлады. Бұл жерде сырғанақтар, мұз айдындары мен мұз қалашықтары бар орындар жабдықталып, аумақ жаңа жылдық мерекеге сай етіп безендірілмек. .
Жаңа жылдық безендірулер Жеңіс саябағында, Береке шағын ауданындағы жаңа саябақта және басқа да нысандарда болады.
«Сонымен қатар орталық көшелерде жұмыс істейтін кәсіпкерлерді де безендіруге атсалысуға шақырамыз» – деді қала басшысы.