СҚО және ШҚО-да балабақшаларға көкөніс екі есе қымбат бағаға жеткізіліп келген
Қаржылық мониторинг агенттігі Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында әлеуметтік мекемелерге көкөніс жоғары бағамен жеткізілгенін анықтады, деп хабарлайды тілшіміз.
Нақтырақ айтсақ, СҚО-да жеке кәсіпкер 50 миллион теңгеден астам сомаға аудандық балабақшаларға көкөніс сату бизнесін ұйымдастырған. Картоптың бір келісі 250 теңгеден жеткізілген. Алайда оның сауда нүктелеріне сату бағасы 43%-ке арзан болған.
Бұл келесі жылы Солтүстік Қазақстанда азық-түлік сатып алуда шамамен 22 миллион теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді.
Ал ШҚО-да ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығына 1 келі сәбіз 325 теңгеден, қырыққабат 380 теңгеден жеткізілген. Агенттіктің өңірлік департаменті араласқаннан кейін жеткізу тізбегінен делдал алынып тасталды, ал көкөніс бағасы 2 есеге төмендетілді (сәбіз 120 теңгеге дейін, қырыққабат 180 теңгеге дейін).
Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның көтерілуіне жол бермеу бойынша алдын алу шаралары аясында алдағы жылға арналған шарттар қайта қаралды.
Агенттік әлеуметтік азық-түлікті жеткізу кезінде сауда үстемесі сатып алу бағасының 15%-інен аспауы керек екенін еске салды.