СҚО-да 20 ауылдың халқы үш күннен бері жарықсыз отыр
Солтүстік Қазақстан облысында 20 ауылдың халқы үш күннен бері жарықсыз отыр. Энергетиктер жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылуын ауа райының қолайсыздығымен түсіндіреді, деп хабарлайды тілшіміз.
Өңірде 26 желтоқсан күні жаңбыр жауып, арты боранға ұласқан. Қатты желдің кесірінен электр сымдары үзіліп, шағын станциялар жаппай істен шықты. Бүгінде төтенше жағдайға байланысты арнайы штаб құрылды. 92 бригада жасақталып, мамандар олқылықтың орнын толтырып жатыр. Жалпы бүгінгі күні аймақта электр желілерінің 95 проценті әбден тозған.
Естеріңізге сала кетейік қараша айында да боран болып, 13 ауданның барлығында жүздеген ауыл жарықсыз қалған болатын.
«Бірінші кезекте біз әлеуметтік нысандарды бақылауға алдық. Яғни орталық қазандықтар, аурухана, балабақшамен мектептерге генераторлар қойылды. Қазір жағдай облыс басшысының жіті назарында. Жұмыстар атқарылып жатыр. Техника бар. Сәтін салса ертең кешке дейін барлық елді мекенге жарық беріледі деген ойдамыз», — дейді облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Ерлан Қайырбеков.