Жеке секторлардағы қалың қар сыртқа шығарылып жатыр
Облыс орталығындағы «Жұмысшы кенті» ауданында қар тазалау жұмыстары қызды, деп хабарлайды тілшіміз.
Бүгінгі күні мұнда шамамен 70-ке жуық техника жұмыс істеп жатыр. Темір көлікті тізгіндегендер күн- түн демей тер төгуде.
«Көп рахмет. Жұмысшы кентін ұмытпайды. Қар тазалау жұмысы үнемі жүргізіледі. Өзім мұнда 50 жылдан бері тұрамын. Жер үйлер болғандықтан қар қалың жауғанда жүріп тұру қиындайды. Тіпті дүкенге әрең баратынбыз», — дейді қала тұрғыны Виктор Бастеев.
Қазіргі таңда қала бойынша 120 техника қар тазалау жұмыстарына жұмылдырылған. Ал алдағы уақытта оның санын 200-ден асыру жоспарланып отыр.
«Жұмысшылар мен техникалар қаланың әр аймағына бөлінген. Әрқайсысы өз учаскелеріне жауапты. Соңғы күндері қар көп жауып жатыр. Қар тазалау жұмысы тыңғылықты атқарылатын болады. Тұрғындардың да қандай да бір шағымдары болса әлеуметтік желі арқылы немесе тікелей әкімдікке келіп айта алады. Сонымен қатар, жеке тұрғын үйлердің де жанындағы қарды тазалаймыз. Жұмыс тегін жүзеге асады», — деді қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Жанель Батанова.
Жалпы осы күнге дейін облыс орталығынан 544 мың текше метр қар сыртқа шығарылған екен.