СҚО-да жол бір апта бұрын жол апатына түскен 20 жастағы қыз көз жұмды
Өңірде бір апта бұрын болған ірі жол апатынан зардап шеккен 20 жастағы қыз ес жимастан көз жұмды, деп хабарлайды тілшіміз.
Ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі растады.
«Есіл аудандық ауруханасына 45 жастағы келіншек пен 20 жастағы қыз жеткізілді. Екеуінің де жағдайы ауыр, комада жатыр», – деген болатын сол кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.
Сондай-ақ жол апатынан 2007 және 2008 жылы туған екі жасөспірім де зардап шекті. Олар көпбейінді облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазір ем қабылдап жатыр.
Естеріңізге сала кетейік ірі жол апаты 2 ақпан күні Есіл ауданындағы Покровка және Петровка ауылдарының арасында болған. «Howo» жүк көлігі мен «Toyota Camry» автокөліктері соқтығысып, соңғысының 43 жастағы жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Ал салонда болған төрт адам ауруханаға жеткізілген болатын. Сол кезде дәрігерлер екі жолаушының жағдайы ауыр деп бағалаған еді.