Солтүстікқазақстандық зейнеткер интернет-алаяқтардың құрбаны бола жаздады
Алаяқтар 67 жастағы ер адамды оның банктік шотына қауіп төніп тұрғанына сендірген. Зиянкестердің нұсқауы бойынша ол Петропавл қаласына барып, барлық қаражатты депозиттен шешіп, оларды «сақтандыру ұяшығына», яғни қылмыскерлердің қолына аудармақ болды. Қуанышқа орай, телефон арқылы белгісіз адамдардың сөзбе-сөз нұсқаулары бойынша қаржылық операцияларды жүргізген зейнеткердің әрекеті банк қызметкері мен 46 жастағы қала тұрғыны Жеңіс Баймусиннің назарын аударды. Олар ауыл тұрғынын тоқтатуға тырысты. Алаяқтар өздерінің жоспарларына қауіп төніп тұрғанын естіп, жәбірленушіге такси шақырып, банктің басқа филиалына баруды ұсынған.
Жеңіс полицияға қоңырау шалып, зейнеткерді көшеде қуып жетіп, оны жолда ұстап қалды. Көп ұзамай келген тәртіп сақшылары қарт адамды барлық жинақтарын жоғалтуға бір қадам қалғанына сендірді.
– Мен алдаудың мұндай тәсілдері туралы жиі естимін. Олар туралы әлеуметтік желілерде, WhatsApp-та көп жазылады. Мен бірден атаны алдап жатқанын сездім, – дейді Жеңіс Баймусин.
СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының мәліметінше, “банктен қоңырау шалудың” әртүрлі нұсқалары интернет-алаяқтықтың ең көп таралған түрі: жыл басынан бері тіркелген 126 фактінің 52-сі дәл осы схема бойынша жасалған.
– Сонымен қатар белсенді профилактикалық жұмыс өз жемісін беріп келеді. Уақыт өткен сайын адамдар қылмыскерлердің талаптарын орындаудан бас тартады. Жасы үлкен адамдар ең қауіпті аймақта. Барлықтарыңыздан қарт туыстарыңыз бен таныстарыңызды интернет-алаяқтықтың қауіптілігі туралы ескертулеріңізді сұраймыз, – дейді СҚО ПД КПБ бастығы Иван Терзиди.