Абай күні аталып өтілді
Өткен сенбі күні облыс орталығында Абай Құнанбайұлының 179 жылдығына орай бірқатар мәдени шаралар өтті. Алдымен қоғам белсенділері, жастар Петропавл қаласының орталық алаңында орналасқан Абай және Пушкин ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Сондай-ақ Абай күні аясында өңірде ақынның өлеңдерін жатқа айтудан челлендж ұйымдастырды. Іс-шаралар легі С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты әдеби-сазды кешпен жалғасын тапты. Аталмыш шараға зиялы қауым өкілдері, жастар қатысты. Жиында ойшыл, ағартушы, ұлы ақынның сан қырлы тұлғасы туралы келелі әңгіме айтылып, жас ұрпаққа дара да дана Абай атамыздың өсиетін өнеге ету парыз етілді. Өскелең ұрпақ та ақынның шығармаларын жатқа айтып, қатысушылардың ризашылығына бөленді.
– Жалпы мұндай кештерді ұйымдастыру арқылы Абайды толық түсіну мүмкін емес. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” эпопеясын жазғаннан кейін айтқан сөзі бар. Ол кісіден “Абайды танып болдыңыз ба?” деп сұрағанда “Мен тек мұхиттан бір ожау су ішкендей болдым” деген екен. Сондықтан, Абай – ол үлкен әлем, бір кеңістік, – деді “AMANAT” партиясы облыстық филиалы жанындағы “Miras” кеңесінің мүшесі Жомарт Омаров.