Қыркүйекте Есіл ауданында тауарлы-сүт фермасы ашылады
Есіл ауданына қарасты Тораңғұл ауылында «Азия Тораңғұл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл бағытта мақсатты жұмыс істеп жатыр. Қыркүйек айының соңында шаруашылық жаңа кәсіпорынды іске қоспақшы.
«Азия Тораңғұл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тауарлы-сүт ферманың құрылысын 2022 жылдың күзінде бастады. Үш ғимараттан тұратын кешен араға екі жыл салып бой түзеді. Шаруашылықтың басшысы Петр Гольцердің айтуынша, екі нысан ірі қараға арналса, үшіншісінде сауын цехі орналаспақ.
– Мемлекеттің қолдауы арқасында тауарлы-сүт фермасын тұрғыздық. Жобаны құны – 3 жарым млрд. теңге. Оның 2 млрд. теңгесі игеріліп, қажетті құрал-жабдықтар мен 500 симментал тұқымдас сиыр сатып алынды. Ірі қараны Германия мен Аустриядан әкелдік. Қазір қондырғыларды орнатып жатырмыз, – дейді серіктестік директоры Петр Гольцер.
Тораңғұлдағы тауарлы-сүт фермасы 800 ірі қараға шақталған. Бүгіндері жеткізілген 500 бас қораға жайғастырылды. Кешеннің құрылысы толыққанды аяқталмаса да, сиырлар күніне үш рет сауылады.
Жыл соңына шаруашылық фермаға тағы 300 ірі қара сатып алуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде кешеннің жұмысы да толыққанды қуатқа көшіп, жаңа жұмыс орындары ашылады.