Имантау-Шалқар курорттық аймағында инвесторлар 19 жобаны жүзеге асыруда
Айыртау ауданында Ұлытау облысының делегациясы мен қонақтарға Солтүстік Қазақстан облысының туризм саласының картасы және Имантау-Шалқар курорттық аймағының даму әлеуеті таныстырылды.
Қазір курорттық аймақта 2,6 мың демалушыны қабылдай алатын 44 демалыс орны бар. Оның ішінде 8 нысан жыл бойы жұмыс істейді. Инвесторлар жыл бойы жұмыс істейтін экоқонақ үйлер, глэмпингтер мен автокеруен салу бойынша 19 жобаны жүзеге асыруға кірісті. Инвестиция көлемі 4,5 млрд теңгені құрайды.
Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Шалқар және Имантау көлдерінде 2 судан құтқару бекеті салынады.
Туристер үшін жолдардың жағдайы маңызды. Лобаново ауылынан Ақмола облысының шекарасына дейін асфальт төселді. Курорттық аймақ ішінде де жол жөнделуде.
Жалпы, бұл жұмыс өңірімізде туристік қызмет көрсету сапасын жақсартып, демалушылар ағынын көбейтуге мүмкіндік береді.