Облыстық әкімдікте Президент жолдауы талқыланды
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен өткен әкімдіктің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауын жүзеге асыру талқыланды.
Жиында Президенттің жолдауда айқындаған міндеттері мен тапсырмаларын орындау жан-жақты қарастырылды. Облыс әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспалар туралы баяндама жасады.
Өңір басшысы Жолдауды сапалы жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, бюджетті тиімді игеру, инвесторларды тартуды күшейту, инфрақұрылым жобаларын сапалы жүзеге асыру, МЖӘ аясында жобалар пулын анықтау, экономикада орта бизнестің үлесін көбейту, жерді қайтару және беру рәсімін қайта қарастыру, білім, денсаулық салаларын дамыту және тағы басқалар.
Облыс әкімі мемлекеттік органдар басшыларының Президент айқындаған міндеттерді сапалы әрі тиімді орындаудың маңыздылығын атап өтті.