Сулышоқ ауылында балаларға арналған шағын орталық ашылды
М.Жұмабаев ауданында «Агрокомплекс-Сулышоқ» ЖШС 23 миллион теңгеге «Балапан» шағын орталығын тұрғызды.
— Сулышоқ ауылындағы ең басты мәселенің бірі Еңбекшіқазақ орталау мектебіндегі орын тапшылығы еді. Білім ошағы жанындағы 10 орындық шағын орталықта мектеп жасына дейінгі 17 бүлдіршін барып, жарты күн ғана болатын. Енді мемлекеттік тілде тәрбиеленетін 35 орынға шақталған, демеушілік қаржыға салынған жаңа шағын орталық бой көтеріп, 25 бала қабылданып отыр. Педагогикалық құрам толық, жеткілікті 300 мың теңгеге ас үй жабдықтары сатып алынды, — дейді М.Жұмабаев ауданының әкімі Рахат Смағұлов.
Бұған дейін мектепке 20 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп, шатыры ауыстырылған, пластикалық терезелер қойылған. Жарты млн. теңгеге 2 жылыжай салынған. Оқу жылын үздік бітірген және қоғамдық шараларға белсене қатысқан шәкірттер бағалы сыйлықтармен марапатталады. Қарияларға азық-түлік себеттері үлестіріледі. Мәдениет үйі жұмыс істеп тұр.
Жаңа ғимаратта акт залы, екі жатын бөлмесі, асхана, киімжай орналасқан. Бейнекамералар мен жоғары жылдамдықты интернет орнатылған. 15 адам тұрақты жұмыс тапқан. Салтанатты жиыннан кейін аудан әкімі ауылдағы әлеуметтік нысандарды аралап, серіктестік қаражатына салынып жатқан намазханада болды.
СҚО-да коронавирусқа 54 адам шалдықты