Үкімет Президент Жолдауын іске асыру жоспарын мақұлдады
Бүгін Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын мақұлдады.
— Ұсынылған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары Мемлекет басшысы қойған міндеттерді сапалы әрі жедел шешуге бағытталған. Үкімет пен әкімдіктер экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету және азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында белсенді шаралар қабылдайтын болады. Жоспарда көрсетілген заң жобаларын уақтылы әзірлеу қажет. Оған сарапшыларды тарта отырып, терең талдау және талқылау жүргізу керек, — деді Премьер-Министр Олжас Бектенов.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы барлық қаржыландыру мәселелерін де жете пысықтау қажеттігін баса айтты.
— Артық шығындардан бас тартып, бюджет қаражатын бірінші кезектегі және стратегиялық мақсаттарға ғана бағыттау керек. Басты міндет — жоспардың іс-шараларын тиімді және уақтылы орындау. Орынбасарларыма жоспар бойынша бекітілген тармақтардың іске асырылуына бақылау жасап, үйлестіруді тапсырамын, — деді ол.
Осыдан кейін Үкімет мүшелері жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын мақұлдады.
— Ұлттық экономика министрлігі Үкімет аппаратымен бірлесіп, Мемлекет басшысының тиісті жарлығының жобасын Президент Әкімшілігіне енгізсін, — деді Олжас Бектенов.