Мектептің 5 жылдығына арналған тоғызқұмалақтан турнир өтті
Әлихан Бөкейхан атындағы №25 жалпы білім беретін орта мектепте тоғызқұмалақтан облыстық іріктеу сайысы өтті. Жарысқа өңір аудандарынан 100-ден астам оқушы қатысты. Бұл турнир білім ошағының ашылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
– Жуырда Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған спортшылар арасында тоғызқұмалақтан бақтарын сынағандар аз болмады. Алайда олардың қатарында отандастарымыздың болмағаны қынжылтады. Бұл турнирді өткізудегі мақсатымыз – ел және халықаралық деңгейде өнер көрсететін чемпиондарды даярлау, — дейді облыстық тоғызқұмақ федерациясының президенті Жомарт Омаров.
Жарыс екі күнге шақталып, қыздар өз араларында, ұлдар өз іштерінен мықтыны анықтады. Жүлдегелер мен жеңімпаздарға медальдар, грамоталар табысталды. Жүзден жүйрік атанғандар облыстық команда сапына алынды. Енді олар қазанның 1-і мен 8-і күндері аралығында Семей қаласында өтетін республикалық сында өңір намысын қорғамақ.