Облыстық әкімдікте «Кең-Дала 2» бағдарламасының артықшылықтары туралы айтылды
Облыстық әкімдікте агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған кеңес өтіп, оның жұмысына ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Жиында егін жинау науқаны, бидай сатып алу мен диқандарға мемлекеттік қолдау көрсету мәселелері талқыланды.
Биыл жауын-шашын түріндегі күрделі ауа райы шаруалар үшін нағыз сынақ болды. Егіннің уақтылы жиналуы мен астық сапасын сақтау мақсатында диқандар ерекше тәсілдер мен заманауи технологияларды пайдаланды. Мемлекет астықты кептіру үшін арзандатылған дизель отыны мен сұйытылған газ бөлді.
Бүгінде облыс бойынша егіс алқабының 93 пайызы орылып, 5,6 миллион тонна астық бастырылған. Орташа өнімділік 18 ц/га, үлгі шаруашылықтарда 30 ц/га дейін жетеді. Бұл нәтижелерге агротехнологияларды сақтау, минералды тыңайтқыштарды енгізу, жоғары сапалы тұқым себу және техниканы жаңарту арқасында қол жеткізілді.
Жиынға серіктестік басшылары, селекторлық режимде аудан әкімдері мен диқандар қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігі департаментінің директоры Жанар Маханова оларға «Кең-Дала-2» мемлекеттік бағдарламасының тиімді тұстары туралы айтып берді, оның аясында шаруалар көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жылдық 5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады. Тағы бір артықшылығы – фермер кепілдік сомасының 15 пайызын ғана қамтамасыз етеді, қалған 85%-на «Даму» қоры кепілдік береді. Мемлекет шаруаларға 2025 жылғы егіс науқанын өткізуге тамаша мүмкіндік беріп отыр.
АЭС бойынша оң шешім қабылданса, қайда салынады?