СҚО-да қар жауып, көктайғақ жерлестерімізді әбігерге салды
Қызылжарда циклонның әсерінен өңірде қатты жел тұрып, кей аудандарда жаңбыр жауып, оның арты көктайғаққа ұласты. Дөңгелек ауыстыратын орындарда кезек созылып, қоғамдық көлік қызметін пайдаланғандар көбейді.
— Полицейлер көлік құралдарының жүргізушілеріне ауа райын мұқият бақылап отыруды және жолдағы жағдайдың шұғыл өзгеруіне дайын болуды ескертеді. Қозғалыс кезінде көлік жылдамдығын азайту және алда кетіп бара жатқан машинаға дейінгі арақашықтықты ұлғайту ережесін ұстану қажет. Бұл жол-көлік оқиғасы туындауы мүмкін жағдайда шұғыл шешім қабылдау үшін уақыт ұтуға көмектеседі. Жолда жаяу жүргіншілерден де аса сақтық таныту талап етіледі. Қар жауып, мұз пайда болған уақытта көлік құралдарының тоқтауы қиындайды. Жаяу жүргіншілер өткеліне шыққан кезде жүргізушілердің жол беріп жатқанына көз жеткізген абзал, — дейді облыстық полиция департаменті патрульдік полиция батальонының взвод командирі Жаслан Сәдуақасов.
Бұл күні көктайғақ салдарынан жолдан шығып кеткен көліктер туралы ақпарат тарады. Мәселен Жезқазған-Петропавл автожолының Шал ақын ауданындағы бөлігінде жеңіл көлік шетке шығып кетіп, жүргізуші зардап шеккен. 31 жастағы адамның миы шайқалып, аудандық ауруханаға жатқызылған. Сол сияқты «Астана-Петропавл» тас жолының 415 шақырымында, Аққайың ауданы Рублевка ауылының маңында «Hyundai Sonata» жүргізушісі көктайғақта автокөлігін басқара алмай, жол жиегіндегі қазылған орынға түсіп кеткен. Қуанышқа орай, жүргізуші де, оның жұбайы да дін аман.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің маманы Мадина Ерғалиеваның сөзінше, жұма күні облыс бойынша осындай 2, сенбі-жексенбі тағы 2 оқыс оқиға тіркелген.