Петропавлда үш әлеуметтік маңыздағы нысан қолданысқа берілді
Петропавлдықтар үшін жағымды жаңалық. Жақында ғана құрылған «Бірлік» шағынауданында балабақша қолданысқа беріліп, облыс орталығында екі бірдей заманауи спорттық нысан ашылды.
Үш бірдей нысан Республика күні мерекесі қарсаңында есігін айқара ашты. Ашылу салтанатына СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Парламент сенатының вице-спикері Ольга Перепечина қатысты.
Су тасқынынан зардап шеккендер тұратын «Бірлік» шағынауданының тұрғындары үшін жаңа балабақша ашылды. Мектепке дейінгі білім беру мекемесі 90 орынға шақталған. Онда бүлдіршіндер үшін барлық жағдай жасалған. Белгілі болғандай, келер жылы бұл мөлтек ауданда жаңа мектептің құрылысы да басталады.
Кейін Петропавлда жаңадан тұрғызылған«Qyzyljar» үстел теннисі орталығы ашылды. Спорттық нысан халықаралық стандарттарға сай етіп жабдықталған. Мұнда 24 үстелі бар ойын залы, жаттығу залы және көрермендерге арналған трибуна да қарастырылған. Кешенде республикалық және халықаралық турнирлер, оқу-жаттығу жиындарын өткізуге болады.
Ашылу күні үстел теннисінен облыс біріншілігі өтті. Турнирге қатысушыларды, облыс тұрғындарын және спорт қауымын өңір басшысы заманауи спорт нысанының ашылуымен құттықтап, үстел теннисінің дамуына үлкен серпін беретінін атап өтті. Сонымен қатар, облыс әкімі спорттық жарыстарға бару үшін үстел теннисі мектебіне шағын автобустың кілтін табыс етті.
Сондай-ақ «Береке» шағынауданында көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы өтті. Спорт кешенде спорт түрлерінің кең спектрі бар, волейбол және баскетболға арналған әмбебап зал, бокс залы, жекпе-жек залы, тренажер залы, велобаза, ашық жаттығу алаңдары және шағын футбол алаңы бар. Бұл кешен «Береке» тұрғындары үшін маңызды, өйткені қаланың басқа аудандарына бармай-ақ спортпен шұғылдануға мүмкіндік береді. Бұл спорттық қолжетімділігін қамтамасыз етіп, спортты насихаттауға ықпал етеді.
СҚО-да қар жауып, көктайғақ жерлестерімізді әбігерге салды