Облыстық аурухана жаңа медициналық қондырғылармен толықты
Көпбейінді облыстық аурухананың онкологиялық орталығына «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қайырымдылық бағдарламасы аясында «Halcyon» сәулелік терапия жүйесі мен «SOMATOM go SIM» компьютерлік томографы орнатылды.
Аурухананың бас директоры Сәкен Әмрин қатерлі ауруға шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсету үшін орнатылған қажетті қымбат жабдықтың мүмкіндігі зор екенін айтты. «Бұл заманауи жабдық көздің, есту мүшесінің, параназальды синустың, көмейдің, ауыз қуысының, мұрынның, тыныс алу мүшелерінің обырын ерте кезеңде анықтау үшін қолданылады. Медиастинаның және жүректің, терінің, тері астындағы тіндердің, сүт безінің, зәр шығару жүйесінің қатерлі ісіктеріне шалдыққан науқастар жоғары дәлдікте тиімді сәулелік терапия ала алады», — деді дәрігер.
Бұл «Қазақстан халқына» қоры тарапынан өңірімізге сатып алынған алғашқы қондырғы емес. Бұған дейін облыстық балалар ауруханасы да қор қаражаты есебінен заманауи жабдықпен қамтамасыз етілген болатын.