Қант пен көкөністің бағасы арзандады
Солтүстік Қазақстан облысында қазан айында инфляция жылдық есептеумен алғанда 9% жетті. Баға өткен жылдың қазан айымен салыстырғанда азық-түлік тауарларына – 5%, азық-түлік емес тауарларға – 9%, ақылы қызметтерге – 14% өсті.
Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, бір жыл ішінде жұмыртқа – 14%, нан – 10, тұздалмаған сары май – 8, тоқаш және ұннан дайындалған кондитер өнімдері – 8, ет – 3% қымбаттаған. Ал жармалардың бағасы 29%, қант шамамен 2% төмендеді.
Былтырғы қазаннан осы қазан айы аралығында көкөністерге баға 2% өсті, соның ішінде қызанаққа – 32%, қиярға – 21% қымбаттап отыр, бірақ қызылша – 28%, қырыққабат – 21, сәбіз – 14, пияз 11% арзандады.
Жеке бас тұтынуға арналған тауарлар мен приборлар – 12, фармацевтикалық өнімдер – 9, киім және аяқ киім – 9, жуу және тазалау құралдары – 9, кітаптар мен кеңсе тауарлары шамамен 8% қымбаттаған. Қазіргі уақытта сұранысқа ие көмір бағасы бір жыл ішінде 16% артқан.
Байланыс қызметтеріне баға 10% өсті, оның ішінде ұялы байланыс қызметі 27% қымбаттады. Интернет желісін қосу үшін төленетін абоненттік төлем 8% артты.
Қоғамдық тамақтандыру орындары да өз қызметтерін 15% қымбаттатқан. Демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласындағы қызметтер құны 10% өсті.
Көлік қызметтері 10% қымбаттады, соның ішінде пойыз билеттері – 20%, автомобиль жолаушылар көлігі қызметтері — 5% өсті.
Шаштараз және жеке қызмет көрсету мекемелері де қызметтеріне бағаны 22% өсірді.