Петропавлда алимент төлеуден жалтарған азамат сотталды
Петропавл тұрғыны әйелімен ажырасып, бауыр ету баласына міндетті заңды төлем төлеуден жалтарған. Борышкердің қарызы 2 млн. теңгеден асқан. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлім етті.
Борышкердің ісі облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды. Белгілі болғандай, қарызын өтеуден қашқан әкенің табысы болса да, туған перзентінің алдындағы борышын орындауға асықпаған. Салдарынан қарыздар алименттің көлемі 2 766 387 теңгеге жетті.
Прокурор сотталушыны кінәлі деп тануды және бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындады, айыптауға қарсы болмай, бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындауды сұрады. Ал кәмелетке толмаған жәбірленушінің заңды өкілі прокурордың пікірімен келісті.
Жалпы сотталушы тұрғылықты жері бойынша теріс сипатталады. Бұрын осыған ұқсас құқық бұзушылық үшін рақымшылыққа байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылыпты. Ол бала тәрбиесіне араласпайды екен.
Осының бәрін ескере келе сот, петропавлдықты кінәлі деп танып, оған бір жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Петропавлда вейптерді заңсыз саудалаған азаматтар анықталды