СҚО делегациясы Қытайдың Шэньси провинциясында
Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы Қытайдың Шэньси провинциясында ресми сапармен болды. Бұл сапар Мемлекет басшысының Қытайға мемлекеттік сапары барысында қол қойылған СҚО мен Шэньси провинциясы арасында бауырлас қатынастарды орнату туралы келісімнің аясында өтті. Сапарды Бас консул Жошыхан Қыраубаев бастаған Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулдығы ұйымдастырды.
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Шэньси провинциясының губернаторы Чжао Идэмен ресми кездесу өткізді. Жиында өзара серіктестікті дамыту мәселелерін талқылап, Солтүстік Қазақстан мен Шэньси провинциясы арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі іс-шаралар жоспары мен «Чан-Ба» халықаралық портымен сауда байланысын кеңейту бойынша меморандум жасалды.
Ресми және іскер делегация Сиань қаласындағы бірқатар өндірістік нысандарды аралады. Делегация сауда-логистикалық компания мен халықаралық порттың қызметімен танысты.
Сонымен қатар, өңір басшысы Aiju компаниясының өндірістік кешенінің жұмысымен танысып, компания басшысы Цзя Хэй кездесу өткізді. Сонымен қатар, Сиань қаласында СҚО өнімдерінің орталығы ашылды. Aiju компаниясы СҚО-ның бұрынғы серіктесі, облыста майлы дақылдарды өңдейтін және ұн-тарту кешені кіретін үлкен агроөнеркәсіптік кластер құрды.
Бұл компания облыс аумағында агропарк жасамақ, оның құрамына жел электр станциясы, ең өндеу зауыты, азық-түлік өндірісі мен логистикалық орталық кіреді. Бұл жобалар бойынша 93.5 млрд теңгеге меморандумдарға қол қойылды, оның ішінде 5.5 млрд.тг «Атамекен-Агро» мен «ФамСам» компаниясы арасында элеватор қондырғысын жасауға бағытталған контракт. Бөлек кездесуде облыс әкімі инвесторлармен жобаларды жүзеге асыру бойынша мәселелерді талқылады.
Сапар барысында делегация Янлин қаласындағы Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің заманауи жылыжайы және жетістіктерімен танысты. Ғауез Нұрмұхамбетов ссы университетте білім алып жатқан қазақстандық докторанттармен кездесті. Университетте ғылыми жобаларды зерттеп, әзірлейтін бірлескен қазақ-қытай мал шаруашылығы зертханасының ашылу салтанаты өтті.