Петропавлда ауыл еңбеккерлерінің құрметіне салтанатты шара өтті
Өткен аптада ел көлемінде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің төл мерекесі өтті. Бүгін айтулы кәсіби мерекеге орай Петропавлда салтанатты жиын ұйымдастырылды. Шарада жиналған қауымды кәсіби мерекемен СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономикалық өсімге негіз болатын, ауылдарды нығайтып, дамытатын мамандардың кәсіби мерекесінде облыс әкімі төл мейрам иелеріне сәттілік пен табыс тіледі.
Биыл диқандар мемлекеттік қолдауы мен тынымсыз еңбектің арқасында 6.2 млн.тонна астық жинап, орташа өнімділік 18.6 ц/га құрады.
Ауыл шаруашылығы – өмірдің бастауы, бұл тек кәсібилікті ғана емес, сонымен қатар сабырлықты, адалдықты және жерге деген сүйіспеншілікті талап ететін еңбек. Жиында агроөнеркәсіп кешенінің дамуына елеулі үлес қосқан үздік мамандарға Президенттің атынан мемлекеттік марапаттар табысталды. Олардың арасында механизатор, агроном, сауыншы, комбайншы, жүргізуші және шаруашылық басшылары бар. Дәл осы еңбекқор жандардың арқасында дастарқанымыз сапалы әрі экологиялық таза өнімдерге толы.