Петропавлдық би ұжымы «Жан шуақ» сыйлығының лауреаты атанды
Астанада «AMANAT»-тың қолдауымен XVII «Жан Шуақ» сыйлығын табыстау салтанаты өтіп, мүгедектігі бар адамдар күні қарсаңында Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған XVIІ «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
Салтанатты шарада Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов ерекше қажеттілігі бар азаматтардың тұрмысын жақсарту мәселесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін атап өтті.
— Қоғамның жетілу деңгейі, адами, азаматтық жауапкершілігі оның ерекше қажеттілігі бар адамдарға деген көзқарасымен өлшенеді. Елімізде бұл көзқарас оң бағытқа қарайөзгеруде. Осы өзгерістердің өзегінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік тұрғыда Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған саясаты жатыр. Біз ұзақ уақыт бойы мүгедектігі бар адамдар тек қорғау мен көмекті қажет етедідеген таптаурын қағидамен өмір сүрдік. Дәл қазір бұл стереотиптердің мәні жойылуда, – деді ол.
Өз кезегінде, Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова «Жан Шуақ» сыйлығын тапсыру рәсімі 2008 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын және осы жылдар ішінде 90-ға жуық адам марапатталғанын атап өтті. Биыл ашық дауыс беру нәтижесінде ұйымдастыру комиссиясының шешімімен 8 лауреат анықталды.
Мәдениет саласындағы үздік жетістіктері үшін» сыйлығының иегері – Петропавлдан келген «Sensitive» есту қабілеті бұзылған бишілер театрының шығармашылық ұжымы. Солтүстік Қазақстан облысының ансамблі 18 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында олартек Қазақстанда ғана емес, әлемге танымал ұжымға айналды. Биыл Франциядағы халықаралық фестивальде «Sensitive» Канн шығармашылық өнер фестивалінің үздік хореографиялық ұжымы ретінде танылды. Әр лауреат 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.