СҚО-да МРТ және КТ қондырғыларында 16 мыңнан астам зерттеу жүргізілді
Компьютерлік томограф (КТ) пен магнитті-резонанстық томограф қондырғыларында 16 мыңнан астам зерттеу жүргізілді. Заманауи аппараттар МӘМС жүйесі аясында тұрғындарға қолжетімді. Олардың көмегімен дәрігерлер науқастардың қандай ауруларға шалдыққанын анықтап, көмекке жүгінгендердің өмірлік маңызды дене мүшелерін толыққанды зерттеуге мүмкіндік туады.
КТ және МРТ аппараттары жүйке жүйесі ауруларын, онкологиялық ауруларды, түрлі жарақаттар мен басқа көптеген жағдайларда пайдаланылады. Солтүстік Қазақстан облысында мұндай қондырғыларда тексерілу жоғары сұранысқа ие. Осыдан-ақ жерлестеріміздің өз денсаулықтарына немқұрайды қарамайтыны көрінетінін атап өткен жөн. Бүгіндері өңірімізде заманауи компьютерлік және магнитті-резонанстық томографтар сегіз медициналық мекемеде орналасқан. Теріскейліктер КТ құрылғысын қалалық көпбейінді ауруханасында, облыстық көпбейінді балалар ауруханасында, облыстық көпбейінді ауруханасында, сондай-ақ «ZEIN INVEST» ЖШС және «Медея Север» жауапкершілігі шектеулі серіктестерінде пайдалана алады. Заманауи аппараттар ауылдық жерде де қолжетімді. Мәселен, Тайынша ауданының орталығы Тайынша қаласында ауданаралық көпсалалы ауруханада компьютерлік томограф жұмыс істеп келеді. Бұл аудан ауылтұрғындарының Петропавлға бармай-ақ, диагностикалық тексеруден өтуге мүмкіндік берері сөзсіз. Мұндай қондырғының Тайыншада орналасуы Ақжар және Уәлиханов аудандары тұрғындарын алысқа сабылмай, диагностикалық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.
Магнитті-резонанстық томографтарға келер болса, бұл қондырғылар науқастардың нақты диагностикалық деректерін алу үшін маңызды құрылғылар болып табылады. Бұл жаңа сандық аппараттар облыстық көпбейінді балалар ауруханасында, «ZEIN INVEST», «BECHET Талғар» медициналық диагностикалық орталығы» және «Dos diagnostic» жауапкершілігі серіктестіктерінде бар.
Облыс тұрғындары КТ және МРТ қондырғылары орнатылған кез келген емдеу мекемесінде денсаулық сақтау ұйымдары жасасқан келісімшарттар негізінде қол жеткізе алады.
— Өткен тоғыз айдың ішінде облыста компьютерлік томографтарда сомасы 239,4 млн. теңгеге 16 781 зерттеу, ал магнитті-резонанстық томографтарда 10 504 зерттеу жүргізіліп, оның көлемі 185,2 млн. теңгеге жетті.. Бұл өз кезегінде ауруларды ерте анықтауға және науқастарға қызмет көрсетіп жатқан дәрігерлерге ем-дом жүргізуге тиісті әріуақтылы ұсыныстар беруге мүмкіндік берді. Көрсетілген статистика өңір тұрғындары үшін диагностиканың күрделі әдістері кеңінен қолданыс тауып жатқанын көрсетеді, — дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚОФ директоры Айнагүл Давлетчина.
Мамандардың айтуынша, КТ және МРТ аппараттарында тексеріс өткізуге тек емдеуші дәрігер бере алады. Ол үшін мамандар медициналық көрсеткіштерге сүйенуі шарт. Науқас мұндай қызметтерге үнемі қол жеткізу үшін оған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде «сақтандырылған» болуы қажет.