8 млн адамды декларациядан босату мобильді аударымдарға қалай әсер етеді
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары жалпыға бірдей декларацияның төртінші кезеңін тоқтату мобильді аударымдарды бақылау ережесіне қандай өзгеріс енгізетінін түсіндірді. Материал ҚазАқпарат агенттігінен алынды.
«100 аударым» қағидаты өзгере ме?
8 млн қазақстандықты жалпыға бірдей декларациядан босату туралы шешім «Мобильді 100 аударым» қағидатын өзгерте ме? Қаржы министрлігінен тараған соңғы жаңалықтарға байланысты халық арасында осындай сұрақ жиі қойылып жатыр. Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары сұраққа жауап берді.
Қолданыстағы ереже бойынша, кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғаның шотына қатарынан 3 айдың ішінде 100-ден артық аударым жасалса, салық органы оны кәсіпкер деп тануы мүмкін. Демек, кәсіпкерлік әрекетпен айналысып жүрмегеніне көз жеткізу үшін өз бақылауына алады.
Алайда бұл норма қолданыстағы Кәсіпкерлік кодекске сәйкес емес. Кодекстің 35-бабындағы 2-тармақтың 2-тармақшасында ең төменгі айлықтың (85 мың теңге) 12 еселенген мөлшерінен асатын табыс тапқан жеке тұлғаны салық органы дара кәсіпкер ретінде танып, есепке қоя алатыны айтылған.
«100 аударым» қағидаты мен Кәсіпкерлік кодекстің талабын біріздендіру үшін осы 35-баптағы 2-тармақтың 2-тармақшасын өзгертіп жазу көзделіп отыр.
Оның жаңа редакциясы мынандай болмақ:
«1 (бір) жеке тұлғаның қатарынан күнтізбелік 3 (үш) айдың әрқайсысының ішінде 100 (жүз) және одан да көп әртүрлі тұлғадан банк шотына жалпы сомасы 3 ең төменгі жалақыдан асатын ақша қаражатын алуы» деп өзгерту ұсынылды (2024 жылғы жағдай бойынша 3 ЕТЖ — 255 мың теңге)».
Қарапайым сөзбен айтсақ, қатарынан 3 айдың ішінде жеке тұлғаның шотына 100-ден артық аударым жасалса, ол аударымдардың жиынтық сомасы ең төменгі жалақының 3 еселенген мөлшеріне теңге болса (255 мың теңге) бұл шот иесін салық органы бақылауына алады деген сөз.
«250» норманы кімдер тапсырады?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы еңбеккерлері форумында айтқан сөзінен кейін Үкімет Жалпыға бірдей декларацияның 4-кезеңінде, яғни 2025 жылдан бастап мүлкі жөнінде мемлекетке мәлімет ұсынуға тиіс болған 8 млн адамды декларация тапсырудан босату бастамасын көтерді.
Қаржы министрлігі Премьер-Министрдің осы тапсырмасын орындау үшін Парламентке декларация рәсімдерін қысқарту туралы ұсыныс әзірлеп жатыр.
Ол ұсыныс бойынша «250.00» нысанды «Активтер мен міндеттемелер» декларациясын ұсынуға мына санатқа жататын қазақстандықтар міндетті болады:
- шетелде мүлкі бар ҚР азаматтары мен резиденттер;
- сайланбалы лауазымға, мемлекеттік лауазымға орналасуға және оларға теңестірілген кандидаттар;
- банктердің, бағалы қағаздар нарығының, сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушысы болғысы келетін жеке тұлғалар.
Бұл жерде шетелдегі мүлік деген ұғымға Қазақстан аумағынан тыс жерде тіркелген жылжымайтын мүлік және көлік, шетелдік банктердің шоттарындағы 1000 АЕК (3,7 млн теңге) астам сомадағы ақша, инвестициялық бағалы металдар, шетелдік компаниядағы қатысу үлестері, тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, брокерлік шоттардағы ақша, зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері, цифрлық активтер, дебиторлық/кредиторлық берешек құны 1000 АЕК (3,7 млн тг) асатын мүлік (антиквариат, сәнді заттар және т.б.) кіреді.
«270» норманы кім тапсырады?
Ал жыл сайын ұсынылатын «270.00» нысанды «Кірістер мен мүліктер» декларациясын мына санаттағы азаматтар тапсыруға міндетті болады:
- мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар (оның ішінде квазимемлекеттік сектордың басшылары мен құрылтайшылары) және олардың жұбайлары;
- банктердің, бағалы қағаздар нарығының, сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары және олардың жұбайлары;
- коммерциялық ұйымдардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары) (АҚ-да қатысу үлесінің (дауыс беретін акциялардың) 25% — дан жоғары және одан көп болса және олардың жұбайлары;
- жеке практикамен айналысатын адамдар (жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіпқой медиатор);
- шетелде мүлкі бар тұлғалар;
- дара кәсіпкерлік табысын қоспағанда, дербес салық салынатын табыс алған тұлғалар;
- шетелдік банктерде 1000 АЕК астам ақшасы бар тұлғалар;
- Қазақстанда және одан тыс жерлерде жиынтық құны 20 мың АЕК-тен асатын ірі мүлікті сатып алған тұлғалар.
Бұған дейін хабарланғанындай, қазақстандықтардың бір бөлігі декларация тапсырудан босатылды.