Петропавлда жылу тарифі 33 пайызға қымбаттады
Облыста қараша айында инфляция жылдық есептеумен алғанда 9,4%-ды көрсетті. Бағалар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, азық-түлік тауарларына – 6%, азық-түлік емес тауарларға – 9, ақылы қызметтерге – 13,5% өсті.
Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бір жыл ішінде тұздалмаған сары май бағасы – 12%, нан – 10,5, тұз – 10, күнбағыс майы – 9,5, алкогольсіз сусындар – 9, ет 4%-ға қымбаттағаны тіркелген.
Керісінше жармалар – 29,5%-ға, қант 5%-ға арзандап отыр.
Жас көкөністердің бағасы орта есеппен 17%-ға өсті, соның ішінде қызанақ – 44, қияр – 37, пияз 16%-ға қымбаттаған, бірақ қызылша – 24%, сәбіз 16%-ға арзандады.
Жеке бас тұтынуына арналған тауарлар мен приборлар – 12%-ға, фармацевтикалық өнімдер – 9, киім және аяқ киім – 10, жуу және тазалау құралдары – 8, зергерлік бұйымдар мен сағаттар 7%-ға бір жыл ішінде қымбаттаған.
АИ-95, АИ-96 маркалы бензин 4%-ға қымбатқа сатылып жатыр.
Орталықтан берілетін жылудың тарифі 33%-ға өсті.
Тұрғын үй үшін төленетін нақты жалдау ақысы – 20,5%, амбулаторлық қызметтер – 9%-ға көтерілді.
Демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласындағы қызметтер 16%-ға қымбаттады. Шаштараз және жеке қызмет көрсету мекемелері қызметтеріне бағаны 20%-ға өсірген.