Жарияланған күні: 16.04.2025
МӘМС жүйесіне қатысты сұрақтар азаяр емес
«AMANAT» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында депутаттар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін талқылады. Басты мәселе – егер қаланың кейбір аудандарында қажетті маман, тіпті кейде емхананың өзі болмаса, халықтың қай жерден және қалай көмек ала алатынына жауап табу.

⠀
Депутат Юлия Пронина атап өткендей, халқы тығыз орналасқан шағын аудандарда тұрғындармен кездесулерде бұл мәселе үнемі көтеріледі. Адамдар тар мамандардың жетіспеушілігіне, қарапайым анализдерді тапсырудың, стоматологиялық қызметтерді алудың немесе рентгенге түсудің мүмкін еместігіне шағымданады. Бұған қарамастан олар ай сайын медициналық сақтандыру қорына аударымдар жасайды. Әсіресе облыс орталығының Рабочий кентіндегі жағдай өте күрделі. Депутаттың айтуынша, онда 28 мың адам тұратынына қарамастан, медициналық көмекті тек бір ғана жеке мекеме – «MedicaLine» көрсетеді. Алайда бұл мекемеге қатысты шағымдар екінші жыл қатарынан түсіп жатыр.
⠀
— Біз халыққа бағдар беруіміз керек. Жағдай ушығып барады.Мысалы, әкімшілік қызметтегі бір азамат: «Мен МӘМС жарнасын төлемеймін, ақшамды қайтарыңдар, маған нақты түсіндірме беріңдер» деді. Кейбір медицина қызметкерлерінің өзі: «Бөлінген ақшамызды қайтарып алып, қызметті басқа жерден алсақ бола ма?» деп сұрады, — деді Юлия Пронина.
⠀
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мамадияр Байғұлов бұл мәселелердің барын мойындады. Оның айтуынша, басты себептердің бірі – кадр тапшылығы. Осыған байланысты өңірде мамандар тарту бағдарламасы іске асырылып жатыр. Оның аясында жас дәрігерлерге 8 миллион теңгеге дейін көтерме ақы беріледі. Сонымен қатар рентген аппараттарын қоса алғанда, қажетті құрал-жабдықтар сатып алынуда. Ал қажетті маман болмаған жағдайда аудандарда «қоса атқару» жүйесі енгізілгенін айтты. Дегенмен, басқарма жеке клиникаларға тікелей әсер ете алмайды, тек ұсыныс бере алады.
⠀
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Айнагүл Дәулетшина да шағымдар барын растады. Тек 2025 жылдың алғашқы үш айында ғана пациенттерден 96 шағым түскен. Ал 2024 жылдың бүкіл кезеңінде 123 шағым болған екен.
⠀
— 56 шағым кері қайтарылды. Егер пациенттерге уақытылы көмек көрсетілгенде, бұл шағымдар болмас еді. Медициналық ұйым мәселені «дәл қазір және осында» қағидасы бойынша шеше алар еді. Егер медициналық ұйымның өзінде қажетті маман не құрал болмаса, жеткізуші қосалқы орындаушыны тартуға міндетті. Ол үшін қор базасына енген басқа медициналық ұйыммен келісімшарт жасалып, пациент сол клиникаға жіберілуі тиіс. Егер мұндай келісімшарт болмаса, пациентті осы қызмет түрі бойынша қордың басқа жеткізушісіне жіберіп, автоматты түрде келісім жасалуы керек. Нормаларға сәйкес, аудандарда қызметтердің 60%-ына дейін, қалада 50%-ына дейін қосалқы орындаушы арқылы көрсетуге болады, — деді Айнагүл Дәулетшина.
⠀
Оның айтуынша, Қор қызметтердің сапасын мониторинг нәтижесіне қарай төлейді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек және МӘМС шеңберінде азаматтар негізгі тексерулерден бастап, жоғары технологиялық емдеуге дейін ала алады. Көп жағдайда пациенттер салалық мамандарға терапевтің жолдамасынсыз да бара алады. Өз кезегінде медициналық ұйымдар көрсетілетін қызметтердің КТМК мен МӘМС жүйесіне кіретінін нақты көрсетіп, азаматтарға олардың құқықтарын түсіндіруге міндетті. Даулы жағдайларда әр емханада жұмыс істейтін пациенттерді қолдау қызметіне немесе 1414 нөміріне, mcqory.kz сайтына, Qoldau 24/7 қосымшасы мен Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы жүгінуге болады.
⠀
Жиынға қатысушылар мәселені халықты ақпараттандырудың ашық жүйесін жолға қоюдан бастауды шешті. Ол үшін, ең алдымен, пациенттер үшін түсінікті іс-әрекет ету алгоритмін әзірлеп, көпшілікке тарату, сондай-ақ МӘМС бойынша қызмет көрсететін медициналық мекемелердің өзекті тізімін жариялау қажет. Депутаттар өз тарапынан ұсыныстар мен айтылған сұрақтарды жинап, оларды уәкілетті құрылымдарға жолдап, жүйелі өзгерістерге қол жеткізуді көздейді.