Үш отбасы мүшесін қасақана өлтірген азамат сотталды
Петропавлда азаматтық некедегі әйелі мен оның бір жасар қызын және өзінің төрт жастағы інісін өлтіріп, өртеп жіберді деп айыпталған азаматқа қатысты үкім шығарылды. Алқабилер ақтап шығарған Александр Канищев бұл жолы жазадан құтыла алмады.
2023 жылдың күзінде «Береке» шағынауданындағы жеке үйлердің бірінде өрт шығып, жас келіншек пен екі баланың мәйіті табылғаны естеріңізде болар?! Қайғылы оқиға кезінде тек бір адам ғана тірі қалғаны белгілі, ол Александр Канищев еді. Көп ұзамай отағасы қамауға алынды. Сараптама қорытындысы екі баланың өртке дейін қайтыс болғандығын көрсетті. Осылайша ол азаматтық некедегі әйелі Алина Котяш пен оның бір жасар қызы Александраны және өзінің төрт жастағы інісі Савелий Савицкийді өлтіргені жөнінде күдікке ілінде. Белгілі болғандай, азамат қылмысын жасыру мақсатында үйді өрттеген.
Сотта Александр өзін кінәлі емес екендігін алға тартты. Алғашында алқабилер оны қолдап, кінәсіз деп таныды. Кейін келіп түскен айғақтар негізінде сот отырысы қайта тағайындалды.
Бүгін СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилер Александр Канищевке үкім шығарды.
— Александр Канищев ҚР ҚК 191-бабының 1-бөлігі (Тонау), ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 1, 3, 5-тармақтары (Екі не одан да көп адамды өлтіру, кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды, айрықша қатыгездікпен өлтіру) және ҚР ҚК 99-бабының 3-бөлігі (Жас баланы өлтіру) бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Ол сот залында қамауға алынып, жазасын қауіпсіздігі төтенше жағдайдағы қылмыстық атқару жүйесінде өтейтін болады. Сондай-ақ, мәжбүрлі түрде алкоголизмнен емделсін, — деді СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан Нұршәріпов.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.