Жарияланған күні: 19.05.2025
СҚО прокурорлары балалардың құқықтарын қорғады
Облыс прокурорлары ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мүлкін уәкілетті органдар сақтап бақылмағаны анықталды. Осы ретте «Қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру қағидаларын» өрескел бұзушылықтарды анықтады.
Прокуратура мәліметінше, Айыртау ауданындағы Балалар орталығында тұратын 6 балғынның Лобаново ауылында орналасқан тұрғын үйге үлесі бар екені анықталды. Белгілі болғандай, балалар кәмелеттік жасқа толғанға дейін уәкілетті орган тиісті баспананы бақылауды ұстап, иелігіне алуы тиіс еді. Салдарынан бәзбіреулер2024 жылдың тамыз айынан бастап үйді пана еткен.

Дәл осындай факті Мамлют ауданында тіркелді. Ата-ана қамқорлығынсыз балалардың үйінде белгісіз 2 адам тұрды. Ал Ақжар ауданындағы балаларды қолдау орталығына көшірілген балаларға тиесілі жер үлесі диқанның иелігіне кеткен. Кәсіпкер заң негізінде жердің ақшасын жетімдердің есепшотына аударған. Тек 2024 жылы бұл аударымдар түсе қоймады. Уәкілетті орган қадағалау жасамағаны үшін жауапқа тартылды.
— Қабылданған қадағалау шараларымен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың бұзылған құқықтары тұрғын үйді бөгде адамдардан босату және әлеуметтік көмек төлеу арқылы қалпына келтірілді.
Жетім және ата-ананың қамқорынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау мәселелері қадағалау органының бақылауында, — делінген прокуратура мәліметінде.