Биыл суға шомылуға 60 арнайы орын қарастырылмақ
СҚО-дағы су қоймаларының тек 13-інде ғана халық суға шомыла алмақ. Осылайша өзен-көлдерде рұқсат етілген 60 орын болады.
СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдегі алты ауданда халық үшін жазғы уақытта суға шомылып, демалуға болатын орын қарастырылмаған. Ал арнайы жарақтандырылатын 60 орынның тек алтауы ғана — коммуналдық меншікте.
— Департамент суға шомылу маусымының басталуына дайын. Жүзу құралдары, сүңгуір жабдықтары мен арнайы киімдер әзірленген. Соңғы үш жылда республикалық және жергілікті бюджет есебінен гидроцикл, көп функциялы «Марлин» катері, 2 металл қайық, 6 үрлемелі резеңке қайық және 17 қайық моторы сатып алынды. Су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Күн ысыған шақта адам өміріне қауіпті су айдындарында қосымша 5 мобильді бекет қою жоспарланып отыр, — деді СҚО ТЖД бастығы Жомарт Асқаров.
Өңірде мұндай қауіпті су айдындары жетерлік. Құтқарушылардың айтуынша, олар — Есіл өзені, Пестрое, Соленое, Лебяжье, Үлкен Тораңғұл, Шалқар және Имантау көлдері.
Департамент бастығының айтуынша, биыл су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау бабы бойынша бес адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
— Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, соңғы 5 жылда облыс бойынша 46 адам суға кеткен, оның ішінде 10-ы — бала. Ал былтыр республика көлемінде 162 адам суға кетсе, оның 50-і — бала болған, — дейді Жомарт Асқаров.
Петропавлдық азамат тірідей жанып кете жаздады