Жарияланған күні: 23.05.2025
Петропавлда гендерлік форум өтті
Петропавлда өткен «Гендерлік тепе-теңдік – татулық пен тұрақтылықтың негізі: тиімділік, талпыныс, трансформация» атты форумда Солтүстік Қазақстан облысындағы мемлекеттік қызметкерлердің 64%-ы және сот жүйесінің 72%-ы әйелдер екендігі айтылды. Форумға 300-ден астам адам, соның ішінде Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты, қоғам қайраткерлері, ұстаздар мен кәсіпкерлер қатысты.
Форум жұмысына ҚР Президентінің кеңесшісі Күнсұлу Закарья да қатысып, тұрақты даму үшін саяси айналымнан бастап, жас ұрпақ тәрбиесіне дейінгі барлық салада әйелдердің толыққанды үлесінің маңыздылығын ерекше атап өтті.

⠀
Форумда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов тең мүмкіндіктердің маңыздылығын атап өтті. Ол тең мүмкіндіктердің тек әдемі сөз тіркесі ғана емес, халықаралық статистикалық мәліметтермен дәлелденген аса маңызды қажеттілік екендігін атап өтті.
⠀
— Облыстағы ахуалға тоқталсақ, мемлекеттік қызметкерлердің 64%-ы, сот жүйесінің 72%-ы, ал құқық қорғау органдарының 15%-ын әйелдер құрайды. Сонымен қатар, аудандық мәслихат хатшыларының 40 пайыздан астамы әйелдер болса, екі әйел аудан әкімі және 32 әйел ауылдық округ әкімі қызметін атқаруда, — деді ол.
⠀
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әсем Рахметова және «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының төрағасы, партия хатшысы Шолпан Каринова осы ойды қолдады. Олар гендерлік саясатты ілгерілету билік институттары мен партия құрылымдарының қолдауынсыз мүмкін еместігін атап өтті. «AMANAT» Әйелдер қанаты әйелдердің құқықтарын кеңейту, отбасыны қолдау, балалардың мүдделерін қорғау және әйелдерді саясатқа тарту бойынша бастамаларды әзірлеу мен жүзеге асыруға белсенді қатысып жатыр.
⠀
Форумның пленарлық отырысында Мәжіліс депутаттары заңнамалық, мәдени және білім беру салаларындағы теңдікті қолдау механизмдерін талқылады. Форум панельдік сессиялармен жалғасты. Онда цифрлық трансформациядағы, ұлттық құндылықтарды нығайтудағы, тәрбие беру, медиасаясат пен денсаулық сақтау салаларындағы әйелдердің рөлі талқыланды.