Биыл Қорған облысына дейінгі жол жөнделеді
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ресей Федерациясының Қорған облысының шекарасына дейінгі республикалық автожолды қайта жаңарту жұмыстарының барысын тексерді.
Жоба созылып кеткендіктен, басты міндет – жұмыстарға қарқын қосу. Жаңа мердігер жөндеу жұмыстарына кірісті. Жыл соңына дейін жаңа жол арқылы жүру қамтамасыз етіледі. Бұл жол шекара маңындағы өңірлерді байланыстыратын маңызды көлік дәлізіне айналып, логистика мен туризмнің дамуына серпін береді.
Аталған жол «Жаңажол» шекаралық өткізу пунктіне апарады, онда да биыл ауқымды қайта жаңғырту және жаңарту жоспарланған. Жоба аясында жаңа ғимараттар мен құрылыстар салу, кіреберіс және шығу бағыттарын бөлу, жолды төрт жолақты етіп кеңейту, заманауи тексеру жүйелерін енгізу және жарықтандыру орнату көзделген. Бұның барлығы шекарадан өтетін азаматтар үшін жайлы жағдай жасап, өту уақытын айтарлықтай қысқартуға бағытталған.