СҚО-ға жылына 280 мың турист келетін болады
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында өңірдің туристік саласын дамыту мәселесі қаралды. Негізгі назар республикалық маңызы бар басым туристік аймақтар тізіміне кіретін Имантау-Шалқар курорттық аймағын одан әрі ілгерілетуге аударылды.
Қазіргі таңда курорттық аймақта 4 мың орынға арналған 46 орналастыру нысаны жұмыс істейді, оның ішінде 9 демалыс базасы жыл бойы қызмет көрсетеді. Туристерге арналған бос уақытты әртараптандыру үшін 13 туристік маршрут әзірленіп, сәтті іске асырылуда.
Инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Соңғы екі жылда 20 шақырым болатын 9 жол учаскесі жөнделді. Демалыс орындарын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылы «Дом у озера», «Изумрудное», «Сказка» және «Заря» демалыс аймақтары жаңартылып, кеңейтілді. «Ажар» демалыс аймағы мен «Сокол» балалар лагерінің реконструкциясы аяқталды, «Золотые пески» және «Феникс» жаңа демалыс аймақтарының құрылысы жүріп жатыр. «Шалқар-Су» санаторийі мен тағы 6 нысанның күрделі жөндеуі аяқталуға жақын. Бұл шаралардың арқасында туристер саны жылына 150 мың адамға дейін өсіп, төсек-орын қоры 800 орынға артады. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде жыл сайынғы туристік ағын 280 мың адамға дейін жетеді деп күтілуде.
Туристерді тарту және өңірге қызығушылықты арттыру мақсатында биыл «Drive Forum Imantau-Shalkar» фестивалін өткізу жоспарланған. Іс-шара аясында аймақтың көрікті жерлеріне автоэкспедиция, шеберлік сағаттары, дәрістер мен музыкалық бағдарлама өтетін көрме алаңы ұйымдастырылады.
Мәдени туризмді дамытуға да ерекше мән берілуде. 2025 жылғы тамызда «Ботай – Ұлы Даланың мәдениеті» атты бірегей археологиялық ескерткішті насихаттау аясында III Халықаралық суретшілер симпозиумы өтеді.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Солтүстік Қазақстан облысының табиғи және мәдени ерекшеліктері мол екенін атап өтті. Туризмді дамыту – өңір экономикасының жаңа драйверіне айналып, жұмыс орындарын ашуға, халық табысын арттыруға және шағын және орта бизнесті дамытуға серпін беруі тиіс.
Солтүстік Қазақстан ең алдымен көркем Имантау мен Шалқар көлдерімен, сондай-ақ бірегей табиғи және мәдени-тарихи нысандарымен көзге елестейді. Біздің өңір елдегі көлдердің саны жағынан бірінші орында тұр, бұл туризмді дамыту үшін кең мүмкіндіктер туғызады.
Облыс аумағында тарихи маңызы зор орындар орналасқан: жылқыны алғаш қолға үйрету кезеңінің куәсі – Ботай қонысы, Айыртау ауданындағы Айғанымның қонысы, Қызылжар ауданындағы Ақ-Ирий қалашығы мен Уәлиханов ауданындағы Алтын Орда дәуіріне тиесілі Қызыл-Оба ескерткіші.
— Бұл жерлердің туризмдік әлеуеті жоғары, дегенмен олар әлі де көпшілікке кеңінен таныс емес. Біздің міндетіміз – өңірдің туристік мүмкіндіктерін кеңінен насихаттап, Солтүстік Қазақстанды саяхаттауға тартымды бағыт ретінде қалыптастыру. Бұл үшін жүйелі жұмыс пен барлық коммуникациялық арналар арқылы ақпарат тарату қажет, — деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.
Солтүстік Қазақстанда агротуризм, аңшылық турлар, ат спорты және сауықтыру демалысы сияқты туризмнің түрлі бағыттарын дамытуға мүмкіндік бар. Балалар лагерлері негізінде жыл бойғы туристік кешендер ашуға болады. Қалалық туризмді ұнататындар үшін Петропавлдағы Қазақстан Конституциясы көшесі – әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер көшесі ерекше қызығушылық тудырады.
Мемлекет туристер үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстарын жалғастыруда: жыл сайын инфрақұрылым жаңартылып, курорттық аймақтарда жолдар жөнделіп, жаңа демалыс базалары ашылуда. Туристік бағыттар бойында сапалы мобильді интернетпен қамтамасыз ету үшін антенна мен байланыс мұнараларын орнату жоспарлануда. Бұл шаралар Солтүстік Қазақстанды елдің туристік картасында танымал әрі сұранысқа ие бағытқа айналдыруға ықпал етеді.