Облыста 559 мас жүргізуші ұсталды
Өңірде жол-көлік ережесін бұзатын жүргізушілердің саны азаймай тұр. Мәселен, жыл басталғалы ішімдік ішіп, жазаға тартылғандардың саны 560-қа таяп отыр. Бұл туралы СҚО ПД баспасөз қызметі мәлім етуде.
— Жыл басынан мас күйде көлік тізгіндеген 559 адам ұсталды. Талапқа бағынбағандар ҚР ӘҚК 608-бабы бойынша жауапқа тартылды. Тағы 87 азамат жол-көлік ережесін бұзғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылды, — делінген облыстық ПД мәліметінде.
Ішімдікке сылқия тойып алып рөл тізгіндеген жүргізуші куәлігі жоқ жандар да жетерлік. Өңірде мұнда 14 факті тіркелген. Заңға бағынбағандардың үстінен ҚР ҚК 346-бабы бойынша іс қозғалды. Қазіргі таңда облыста 176 мың адам да жүргізуші куәлігі бар. Ал ресми тіркелген автомобильдердің саны 198 мыңнан асады.