Бірінші көтергіш сорғы станциясы жаңартудан кейін іске қосылды
Үкіметтің қолдауы мен «KAZ Minerals Demeu» корпоративтік қорының 2,9 миллиард теңге көлеміндегі демеушілік көмегі арқасында маңызды инфрақұрылымдық жоба – бүкіл қаланы ауызсумен қамтамасыз ететін бірінші көтергіш сорғы станциясын қайта жаңғырту сәтті жүзеге асты. Атқарылған жұмыстармен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты.
СҚО әкімдігінің ақпаратына сәйкес, су астында да тоқтаусыз жұмыс істей алатын заманауи еуропалық сорғы жабдықтары орнатылып, дизель генераторы ғимараттың жоғарғы бөлігінде су басудан қорғайтын деңгейде орналасты. Басқару пульті де қауіпсіз биіктікке қойылып, қашықтан басқару режимінде жұмыс істейді.
Биіктігі 4,7 метр болатын темірбетонмен күшейтілген габион бөгеті салынды. Тұрақты электрмен қамтамасыз ету мақсатында: төрт әуе желісі қалпына келтірілді, сондай-ақ жер астымен екі резервтік кабель желісі тартылды.
— Жаңартылған нысан қалалық инфрақұрылымның су тасқыны қатеріне төзімділігін жақсартып, қалалықтарды тұрақты ауызсумен қамтамасыз етпек, — деп атап өтті өңір басшысы.
Заманауи жабдық енгізілгеніне қарамастан, сорғы станциясы — қаладағы ауызсудың жалғыз көзі. Су жүйесінің сенімділігін арттыру мақсатында Ойқала шағын ауданында резервтік станция салынбақ. Бұл жоба қолданыстағы тәуекелдерді жойып, су инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.